Astana Hub халықаралық B2B нарықтарына шығуға арналған акселерация бағдарламасының жаңа легін іске қосатынын хабарлайды

Astana Hub халықаралық B2B нарықтарына шығуға арналған акселерация бағдарламасының жаңа легін іске қосатынын хабарлайды

Astana Hub халықаралық инновациялық кластері экспортқа бағытталған IT-командаларға арналған Global Outsourcer акселерациялық бағдарламасының үшінші легіне өтінім қабылдаудың басталғаны туралы хабарлайды. Бағдарлама халықаралық B2B нарықтарына шығуға және сату көлемін ұлғайтуға ниетті командаларға арналған интенсивті курс форматында өтеді.

Қатысуға өтінімді 2025 жылғы 15 тамызға дейін сілтеме арқылы беруге болады.

Үшінші легке іріктеу нәтижесінде Қазақстанда тіркелген 35 IT-компания қатысатын болады. Бағдарлама барысында қатысушылар сату процесін жүйелеп, гипотезаларын тестілеуге және нақты халықаралық клиенттермен жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік алады.

«Global Outsourcer бағдарламасы отандық IT-компаниялар мен жаһандық нарықтар арасындағы негізгі көпірге айналды. Алдыңғы екі лек нәтижесінде қатысушылар жалпы сомасы $500 000-нан асатын 171 экспорттық келісімшарт жасасты. Олар АҚШ, Канада, Еуропа елдері, БАӘ, Түркия, Аустралия және басқа да мемлекеттермен серіктестік орнатты. Бүгінде біз жасанды интеллект пен дұрыс құрылған процестердің жергілікті командаларды жаһандық ойыншыларға айналдырып жатқанын көріп отырмыз. Бұл жай ғана акселератор емес – бұл нақты өсім мен әлемдік нарыққа шығуға арналған практикалық құрал», – деп атап өтті Astana Hub бизнес бағдарламалар офисінің директоры Ербол Ахметов.

3 айға созылатын бағдарлама үш негізгі кезеңнен тұрады: Lead Generation Bootcamp, Export Sales Lab және Revenue Acceleration Track.Қатысушылар шетелдік клиенттерді тартудың заманауи әдістерін меңгеріп, экспортқа арналған инфрақұрылым құруды және халықаралық нарыққа шығу стратегиясын әзірлеуді үйренеді. Бағдарлама барысында жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы сату воронкасын автоматтандыруға баса назар аударылады.

Командалар GPT-агенттер, Clay, Apollo, PhantomBuster сияқты заманауи технологияларды қолдана отырып, халықаралық клиенттерден тұрақты сұраныс ағынын автоматты түрде қалыптастыруды үйренеді.

Бағдарламаға қатысу үшін компания немесе студияда расталған табыс, кемінде екі әзірлеушіден құралған команда және сатумен айналысатын sales-менеджер немесе бұл функцияны орындайтын CEO болуы қажет. Сонымен қатар компания Қазақстанда заңды түрде тіркелген болуы және ағылшын тілін ауызекі деңгейде меңгеруі тиіс. Іріктелген командалар Astana Hub резиденті болуға мүмкіндік алады.

Бағдарлама туралы қосымша ақпаратты astanahub.com платформасынан немесе 1818 қысқа нөмірі арқылы алуға болады.

TSARKA қолдауымен