Astana Hub пен IT Park Uzbekistan Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктерінде халықаралық хабтар ашады

Astana Hub пен IT Park Uzbekistan Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктерінде халықаралық хабтар ашады

Биыл Орталық Азияның ірі технопарктері – Astana Hub пен IT Park Uzbekistan Central Asian Innovation Hubs атты ортақ бренд  шеңберінде Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктерінде халықаралық хабтар ашып, әлемдік деңгейдегі форумдарға қатысу аясын кеңейтеді. Ал 2030 жылға дейін 8-ден астам юникорн-стартап құрып, IT-экспорт көлемін $10 млрд-қа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Бұл туралы Astana Hub пен IT Park Uzbekistan бас директорлары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің AlmatyFair.ai көрмесіне сапары кезінде мәлімдеді. Олар екі елдің басшыларына Central Asian Innovation Hubs қызметін таныстырды. Бұл – Орталық Азияның стартап-экожүйесін жедел дамытуға бағытталған, өңірдің ірі технопарктері бірігіп құрған стратегиялық альянс.

«Central Asian Innovation Hubs ортақ бренді аясында IT Park Uzbekistan-мен әріптестігімізді одан әрі нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл Орталық Азиядағы инновацияларды жаһандық деңгейде ілгерілетуге жол ашады. Биыл Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктерінде бірлескен халықаралық хабтар ашып, сондай-ақ Түркияда өтетін Eurasia Blockchain Summit, Германиядағы GITEX Europe, Ұлыбританиядағы London Tech Week, АҚШ-тағы TechCrunch Disrupt, Сауд Арабиясындағы Biban және Португалиядағы Web Summit секілді ірі халықаралық технологиялық алаңдарға қатысуды жоспарлап отырмыз. Бұл өңірлік стартаптардың халықаралық деңгейге шығуына, стратегиялық серіктестерді тартуға және Орталық Азияның инновациялық брендін нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Мағжан Мәдиев, Astana Hub бас директоры.

2024 жылы Astana Hub пен IT Park Uzbekistan бастамасымен құрылған Central Asian Innovation Hubs INMerge Innovation Summit, Web Summit 2024 және TechCrunch Disrupt 2024 секілді беделді халықаралық алаңдарда өңірдің 40-тан астам стартапын таныстырды. Бұл қадам Орталық Азия елдерінің ортақ инновациялық бейнесін күшейтіп, аймақтық стартаптар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

«Өзбекстан мен Қазақстан технология саласында елеулі табыстарға жетті. IT Park Uzbekistan елді IT-аутсорсинг пен сервистік қызметтер бойынша сенімді түрде өңірлік хабқа айналдырып жатса, Astana Hub инновацияларға жол ашатын қуатты стартап экожүйесін қалыптастырып келеді. Күш біріктіріп, тәжірибе және мықты тұстарымызбен алмасып, біз жаңа белестерді тезірек бағындыра аламыз. Бүгінде екі елде жаңа буын инноваторлары мен кәсіпкерлері өсіп келеді – батыл, өршіл, қалыптан тыс ойлайтын жастар. Олар болашақтың келбетін бүгіннен бастап айқындап жатыр. Біздің негізгі мақсат – бұл үдерісті қолдап қана қоймай, әр таланттың әлемдік тәжірибеге, ресурстар мен халықаралық өсу мүмкіндіктеріне еркін қол жеткізе алатын тұрақты әрі серпінді орта құру. Central Asian Innovation Hubs – стартаптарға арналған жай ғана алаң емес. Бұл – Орталық Азияны жаһандық инвестициялар мен технологиялық өрлеуге, адам әлеуетінің толық ашылуына бастайтын өсу нүктелері», – деді Абдулахад Кучкаров, IT Park Uzbekistan бас директоры.

Ынтымақтастықты дамыту мақсатында Astana Hub пен IT Park Uzbekistan AlmatyFair.ai көрмесі аясында тағы бір маңызды қадам жасады. Атап айтқанда, Қытай нарығына шығу жолында Шанхайда халықаралық хаб ашу үшін Growth Vision Pro Ltd компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат стартап-экожүйені дамыту, инвестиция тарту және халықаралық кеңеюді қолдау бағытындағы ынтымақтастық қағидаттарын қамтиды. Тараптар бірлескен акселерациялық бағдарламаларды дамытуға және қос елдің резиденттерін Қытай нарығына шығаруға жәрдемдесуге уағдаласты.

Айта кетейік, 28–30 наурыз күндері Алматыда AlmatyFair.ai атты жасанды интеллект саласындағы көрме өтті. Іс-шараға жетекші IT-компаниялар, стартаптар және AI саласындағы сарапшылар қатысты. Көрмені Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Бас демеуші – Kaspi.kz, ресми серіктестер – Freedom Bank және Halyk Bank.

TSARKA қолдауымен