Astana Hub ұсынған ең үздік қазақстандық EdTech-стартаптар

Astana Hub ұсынған ең үздік қазақстандық EdTech-стартаптар

Оқу жылының аяқталуына орай Astana Hub  білім саласына заманауи EdTech-шешімдер енгізіп жүрген отандық стартаптар топтамасын ұсынады. Бұл цифрлық құралдар оқу процесін жаңғыртып, оқушылар, студенттер, мұғалімдер мен ата-аналар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Үздік жобаларбүгінде елімізде де, шетелде де зор сұранысқа ие болып, білім беру жүйесін уақыт талабына сай түрлендіруге үлес қосып келеді.

Мұндай жарқын жобалардың бірі – CodiPlay экожүйесі. Ол мектеп оқушыларына тәжірибе мен ойын тәсілдері арқылы цифрлық дағдыларды үйретеді. Стартап көмегімен оқушылар 2021 жылдан бері «ақылды үйлер», дрондар мен IoT құрылғылар жасап, C++, Scratch және Python тілдерінде бағдарламалау негіздерін меңгеріп келеді. Бұл платформа Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Сауд Арабиясы және Қатарда белсенді қолданылады. Былтыр CodiPlay БҰҰ Бас хатшылығының  қолдауына ие Digital Public Goods Alliance компаниясының цифрлық қоғамдық игілігі мәртебесіне лайық деп танылды. Экожүйеде CodiKit робототехника жинақтары, оқу бағдарламаларын құруға және басқаруға арналған CodiTeach онлайн-ресурсы да бар.

Жасанды интеллект пен әр балаға бейімделген оқытудың тоғысындағы айтулы жоба – BeyimTech. Оның негізі әуелде зерттеу бастамасы ретінде қаланып, бүгінде ауқымды цифрлық экожүйеге айналып, қолданушылар тарапынан жоғары қызығушылық тудырып отыр. Стартаптың Beyim.ai және Beyim Synaq шешімдері Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қолданылады, жоба оқушылар мен мұғалімнің қажеттілігіне сай жасақталған жеке оқу траекторияларын ұсынады. 2024 жылы BeyimTech командасы Hero Training бағдарламасында (АҚШ) 1-орын иеленіп, 26 елден келген 70 қатысушының арасынан «Draper University 2024 үздік командасы» атағын алды.    

Ал Qalan білім беру платформасы оқушыларды математика іліміне баулып, оны онлайн-форматта меңгеруге септігін тигізеді. Платформада 40 000-нан астам түсіндіру, 1 000 видеодәріс, жасанды интеллект пен менторлық қолдау бар. Өнім қазақ, орыс және өзбек тілдерінде қолжетімді және Қазақстан, Өзбекстан мен Ресей нарығында жұмыс істеп тұр. Qalan-ның бейімделген тапсырмалары жеткіншектердің есте сақтау қабілетін дамытып, логикалық ойлауды қалыптастыруға ықпал етеді. 

Кеңейтілген және виртуалды шындық технологияларын іздесеңіз, Big Dream Lab көмекке асығады. Ол 2015 жылдан бері оқытуды көрнекі, интерактивті әрі қауіпсіз етуге үлес қосып жүр. Компания негізгі өнімдерінің бірі – физика, химия мен биология пәндері бойынша виртуалды зертханалармен жабдықталған Digital Lab платформасы. Өнім қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді. Бұл шешім VR-гарнитураларға, интерактивті панельдерге және компьютерлерге бейімделген. Осылайша, балалардың ғылымға деген қызығушылығын ерте жастан қалыптастыруға мүмкіндік береді. Стартап өрт кезінде әрекет ету, алғашқы көмек көрсету және биіктікте жұмыс істеу секілді қауіпсіздік талаптарын үйрететін виртуалды тренажерлер де әзірлейді, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарына оқытатын колледждер мен оқу орындарына арналған VR-шешімдер ұсынады.

Қазақстандағы ең ауқымды EdTech бастамалардың бірі –бүлдіршіндер мен оқушыларға арналған цифрлық білім кеңістігін ұсынатын BILIMLAND экожүйесі. Ол 2011 жылдан бері табысты жұмыс істеп тұр. Мұнда түрлі деңгейдегі видео-сабақтар, конспектілер, симуляторлар, тренажерлар мен тапсырмалардан тұратын интерактивті кітапхана бар. BILIMLAND педагогика мен технологияны біріктіреді: контентті мұғалімдер, әдіскерлер, аниматорлар, дизайнерлер және бағдарламашылар бірлесіп жасап, оқу материалдарын сапалы әрі тартымды етеді.

Шет тілдерін үйрену бағыты бойынша Cognitio компаниясының Memo Magic мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Өнім ойын тәсілдерін және визуалды әдістерді ұштастыра отырып, сөздік қорды кеңейтуге септігін тигізеді. Тақырыптық түрде ұйымдастырылған сөздік 14 000-нан астам сөзді қамтиды, ал қосымшаның интерфейсі қазақ, ағылшын, түрік, испан және тағы басқа 11 тілде қолжетімді.

Smartestprep болса, халықаралық білім саласында қызмет көрсетеді. Бұл – студенттерді, мектептерді және университеттерді бір платформада тоғыстыратын AI-backed SaaS шешімі. Ол мектеп оқушылары мен кәсіби бағдар берушілерге шетелдегі жоғары оқу орындарына түсу процесін автоматтандырады. Сервис құрылғаннан бері ТМД елдерінің 6500-ден астам студентіне 24 елдегі жоғары оқу орындарына түсіп, $140 млн асатын стипендия мен гранттар ұтып алуға көмектесті. Платформа «барлығы бір жерде» шешімін ұсынады: AI  менторлар, эссе жазуға көмек, оқыту платформасы, прокторингпен тестілеу, стипендиялар мен гранттар. Ал шетел университеттері үшін таланттарды іріктеу құралы қарастырылған. Стартап StartX атты Стэнфорд акселераторынан өткен Қазақстандағы үшінші компания атанды. Сонымен қатар ерте кезеңдегі болашағы зор EdTech-жобалар қатарына еніп, ASU+GSV Elite 200 халықаралық рейтингінен орын тапты.

Білім беру саласындағы басқару жүйесін тиімді етуге үлес қосып жүрген жобалардың бірі – Zero Education стартап-жобасы. Оның бұлтты платформасы әкімшілік процестерді – CRM, LMS, электрондық келісімшарттар, виртуалды АТС, қаржылық және HR-есептілік, оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдерге арналған порталдарды қамтиды. Барлық шешім бірыңғай жүйеге біріктіріліп, мектептің ішкі процестерін оңтайландыруға, шығындарды қысқартуға, бастысы, сапалы білімге назар аударуға мүмкіндік береді.

Astana Hub резиденттері дәстүрлі білім беру шекарасынан шығып, мықты EdTech-экожүйесін қалыптастырып жатыр. Олар мектеп өміріне еніп, жаһандық мүмкіндіктерге жол ашып, халықаралық нарықтарға шықты. Осылайша, технология мен кәсіпкерліктің үйлесімі білім берудің цифрлық трансформация картасында Қазақстанды алдыңғы қатарға жетелейтінін айшықтайды.

TSARKA қолдауымен