Astana IT University-де CyberLab атты киберқауіпсіздік зертханасы ашылды

2024 жылдың 28 сәуірінде Astana IT University-де CyberLab зертханасының ресми ашылуы өтті. Ашылу салтанатына аты аңызға айналған Кибердед – Андрей Игоревич Масалович, Astana IT University Директорлар кеңесінің төрағасы, ректоры – Хикметов Асқар Құсүпбекұлы, Зияткерлік жүйелер және киберқауіпсіздік департаментінің директоры – Аманжолова Сәуле Тоқсанқызы, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
CyberLab — бұл киберқауіпсіздік пен деректерді талдау орталығы, ол студенттерді, оқытушыларды және сала сарапшыларын біріктіретін бірегей платформа. Бұл зертхана — идеялар туындайтын, тәжірибе мен білім алмасатын, студенттер арасынан болашақ мамандардың қауымдастығы қалыптасатын орын.

Сурет көзі: Astana IT University
CyberLab қабырғасында студенттер еңбек нарығында сұранысқа ие өзекті технологияларды меңгеріп, өз дағдыларын тәжірибе жүзінде қолдануды үйренеді: қауіптер мен инциденттерді анықтау және зерттеу, оқиғаларды мониторинг жасау және талдау. Қазіргі уақытта зертханада мынадай курстар оқытылады: Introduction to SOC (SOC-аналитикаға кіріспе), Computer Networks (Компьютерлік желілер), және Computer Networks Security (Компьютерлік желілердің қауіпсіздігі). Әрбір пән студенттерге киберқауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді шешуге қажетті білім мен дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.
CyberLab зертханасының ашылуы оқыту үдерісіне инновациялық технологияларды енгізудегі жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Теориялық дайындық пен тәжірибеге бағытталған тәсілді үйлестіре отырып, университет қабырғасында ақпараттық қауіпсіздік саласындағы табысты мансапқа жол ашатын жас мамандарды дайындау мүмкін болып отыр.