Астанада информатика пәні мұғалімдеріне арналған Uzdik IT Ustaz республикалық байқауының финалы өтті

2025 жылғы 26–28 мамыр күндері Астана қаласында еліміздің барлық өңірінен келген үздік информатика мұғалімдерін біріктірген Uzdik IT Ustaz республикалық байқауы мен семинарының финалы өтті. Іріктеукезеңдерінен өткен 41 финалист жобаның қорытынды кезеңіне қатысты.
Жобаның ұйымдастырушысы — Қазақстан Спорттықбағдарламалау Федерациясы. Байқаудың бас серіктесі — Activ брендімен Kcell компаниясы. Компанияның қолдауы жобаның сәтті жүзеге асуына маңызды үлес қосты. Сонымен қатар, финалдың өтуіне «Қазақтелеком» Корпоративтік университеті серіктестік қолдау көрсетіп, жарыс өткізу үшін алаң мен барлық қажетті жағдайларды ұсынды.

Бастаманың мақсаты — информатика пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ оқушыларды бағдарламалау бойынша олимпиадалар мен жарыстарға дайындау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгіндеҚазақстан IT саласында жергілікті және халықаралық деңгейде айтарлықтай серпінге ие. Дегенмен, бұл өсімді жүйелі жалғастыру үшін өңірлік мұғалімдерді қолдау — келешек IT мамандарын дайындаудағы маңызды басымдық.
Финалға қатысушылар спорттық бағдарламалау бойынша Uzdik IT Ustaz атағы үшін бақ сынасты. Байқау нәтижесінде қатысушылардың 50%-ы I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталып, олардың жетістіктері мен алдағы дамуын қолдау мақсатында бағалы сыйлықтарға ие болды.

Турнирден бөлек, қатысушылар білім беру және спорттық бағдарламалау саласындағы мамандар өткізген пайдалы дәрістер мен семинарларға қатысты.
Uzdik IT Ustaz жобасы келесі оқу жылында да жалғасынтауып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі информатика мұғалімдеріне кәсіби дамуға және бағдарламалау бойынша жаттықтырушы ретінде шеберліктерін жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер ұсынатын болады.