Астаналық мектеп оқушылары болашақ агротехнологияны өзгерте алатын роботты жасап шығарды

Астаналық мектеп оқушылары болашақ агротехнологияны өзгерте алатын роботты жасап шығарды

Бүгінгі таңда технологиялар соншалықты тез дамып жатыр, тіпті мектеп оқушылары да маңызды мәселелерді шешетін жобалар жасауда. Астанадағы «Білім-Инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Камилла Кишкашбаева – солардың бірі. Оның инженерияға деген қызығушылығы қарапайым болып басталып, Samsung Electronics ұйымдастырған Solve for Tomorrow атты беделді стартаптар байқауында жеңіске жетуге алып келді. Одан бөлек, оның командасының жобасына министрліктер мен отандық фермерлер қызығушылық танытты.

Робототехникадағы алғашқы қадамдар мен алғашқы қиындықтар

Камилла робототехникаға бір жыл бұрын қызығушылық таныта бастады. Құрдастары қандай жобалар жасап жатқанын көрген ол да стартап байқауына қатысуды ұйғарды. Жартылай финалға өткеннен кейін, ол серіктестері Арай Жиенбай және Айзере Муханбаймен бірге агророботты жасауды қолға алды.

Жасанды интеллект негізінде робот арамшөптерді анықтап, гербицидтердің көмегімен оларды нысанаға алып тиімді жоюы керек болатын. Жобада көптеген өзгерістер болды: басында СО2 лазерлерін пайдалануды жоспарлаған команда агротехнологияға қолайлы электромагниттік клапандар сияқты шешімдерге ауысты.

Аутсайдерлерден көшбасшыларға дейін

Жартылай финал кезінде Камилланың командасы фаворит емес еді – олар ұпай саны бойынша соңғы орындардың бірін иеленді. Менторлық сессиялар оларға жобаны тек техникалық тапсырма ретінде ғана емес, бизнес тұрғысынан да қарауға көмектесті. Нәтижесінде 600-ден астам команданың ішінен олар финалға өткен үздік ондықтың қатарынан табылды.

Финал – әрқашан жүйкеге әсер ететін кезең, ал Камилла мен оның командасында бұл кезең жобаны таныстыруға жарты сағат қалғанда шарықтау шегіне жетті. Ең қолайсыз сәтте платалар мен драйверлер жанып кетіп, қыздарды жұмыс істемейтін роботпен қалдырды. Бірақ жобаның барлық ерекшеліктерін білетін команда оны тез қалпына келтіріп, қазылар алқасына сәтті таныстыра алды.

Финалдық кезеңнің қорытындысы бойынша Камилла мен оның командаластарының жобасы үздік деп танылды. Оларға бірінші орын және 4 000 000 теңге көлеміндегі ақшалай грант берілді. Ал робот олардың табандылығы мен жеңісінің символына айналды.

Solve for Tomorrow байқауы: бәсекелестік пен тәжірибе сабақтары

Solve for Tomorrow байқауы командаға роботты сынақтан өткізіп, әлі де не нәрсені жетілдіру керектігін түсінуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, оқушылар тек өнімді жасаумен ғана шектелмей, оның нарықта қажет екенін түсінудің маңыздылығын ұғынды. Байқаудың жүлдесін қыздар роботтың жаңа, жетілдірілген моделін жасауға пайдалануды жоспарлап отыр.

Камилла бұл жобамен одан да биік белестерге жете алатынына сенімді. Олар Қазақстанның Экология және Білім министрліктерінің өкілдерімен, сондай-ақ Egistic, Nuris және университеттердің IOT-ГИС орталықтары сынды халықаралық компаниялардың сарапшыларымен іскерлік кездесулер өткізді.

Solve for Tomorrow жобасы – болашақ IT-мамандарын дайындайтын алаң. Байқау жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңдаған оқушыларды біріктіреді. Мұнда оқушылар STEM (ғылым, технология, инженерия және математика) арқылы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу жолдарын ұсынады. Әлеуметтік жоба Қазақстанда Samsung Electronics басшылығымен төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. Байқаудың серіктесі – «Аяла» жеке қайырымдылық қоры. Solve for Tomorrow жүлде қоры 10 миллион теңгеден асады. Байқау туралы толығырақ solvefortomorrow.kz ресми сайтынан білуге ​​болады.

TSARKA қолдауымен