Бизнеске арналған киберқауіпсіздік: Қарағандыда өтетін конференцияда қорғау стратегиялары

Бизнеске арналған киберқауіпсіздік: Қарағандыда өтетін конференцияда қорғау стратегиялары

Қазіргі заманғы әлемде шағын және орта бизнес өкілдері деректердің таралуы, алаяқтық және кибершабуылдар сияқты қауіптермен жиі бетпе-бет келеді. Бұл қауіптер компанияларға қаржылық және беделдік тұрғыдан елеулі зиян келтіруі мүмкін. Осы жағдайдан шығудың жолы қандай? Бұл сұраққа 31 наурызда Қарағандыда өтетін тегін конференцияда ақпараттық қауіпсіздік саласының жетекші сарапшылары жауап береді.

Cybersecurity Conference — бұл Қарағандыдағы “Террикон алқабы” стартап-экожүйесі кәсіпкерлер үшін арнайы ұйымдастырған іс-шара. Ұйымдастырушылар кәсіпкерлердің заманауи технологияларды тереңірек түсінуі мен нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруы үшін тұрақты түрде білім беру іс-шараларын өткізіп келеді.

«Біз бизнес цифрлық қауіптерге барынша осал болып бара жатқанын көріп отырмыз, ал кәсіпкерлер көбіне қорғану жолдарын білмейді. Бұл конференция – ауыр зардаптардың алдын алуға көмектесетін практикалық білім алуға мүмкіндік», – деп атап өтті “Террикон алқабы” іс-шаралар бөлімінің жетекшісі Ангелина Саратовкина.

Бұл кәсіпкерлер үшін неге маңызды?

Кәсіпкерлер көбінесе өз компаниялары киберқылмыскерлер үшін қызығушылық тудырмайды деп қауіптің ауқымын жете бағаламайды. Алайда шағын және орта бизнеске шабуылдар үнемі болып тұрады: қарапайым пошта аккаунттарын бұзудан бастап, компанияның жұмысын тоқтатуға әкелетін күрделі фишингтік схемаларға дейін.

Алдағы конференция кәсіпкерлер, IT-мамандар және басшылар үшін тек заманауи киберқорғау әдістері туралы біліп қана қоймай, сонымен қатар сарапшыларға сұрақтар қойып, нақты кейстер бойынша ұсыныстар алатын алаңға айналады.

Конференцияда кімдер сөз сөйлейді?

Киберқауіпсіздік саласының жетекші мамандары спикер ретінде шақырылды:

• Евгений Питолин – DataStar басқарушы директоры, Qaztech киберқауіпсіздік комитетінің тең төрағасы;

• Полат Тоқтахұнов – TSARKA Group директорының орынбасары;

• Назгүл Тайымова – Elcore Қазақстан директоры;

• Виктория Ватулко – тәуелсіз сарапшы;

• Александр Пушкин – PS Cloud Services SOC басшысы;

• Евгений Суханов – өнеркәсіптік киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы;

• Александр Баитов – Bakotech қауіпсіздік бағытының жетекшісі;

• Темірлан Аманбаев – NITEC компаниясының Staff Software Engineer маманы.

Конференция бағдарламасы қандай тақырыптарды қамтиды?

Іс-шарада киберқауіпсіздіктің негізгі мәселелері талқыланады:

• Басшылардың цифрлық сауаттылығының бизнес тұрақтылығына әсері;

• Заманауи деректерді қорғау әдістері;

• Өнеркәсіптік жүйелердегі осалдықтарды басқару;

• Деректердің таралуын болдырмау және киберқауіпсіздік үшін жасанды интеллектті пайдалану.

Киберқауіптер саласындағы практикалық зерттеулерге ерекше назар аударылады, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы гендерлік аспектілер – әйелдердің цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жаңа көзқарастарын талқылау жоспарланған.

«Қорғаныстағы бір қателік қымбатқа түсуі мүмкін. Бірақ киберқауіпсіздікке дұрыс көзқарас – бұл тек шығын ғана емес, сонымен қатар бизнестің тұрақтылығына салынған инвестиция», – деп атап өтті Полат Тоқтахұнов.

TSARKA қолдауымен