CyberFormula³ Digital Kyrgyzstan – 2025 форумында Қазақстанның атынан қатысты

CyberFormula³ Digital Kyrgyzstan – 2025 форумында Қазақстанның атынан қатысты

27 ақпанда Бішкекте Digital Kyrgyzstan халықаралық форумы өтті. Іс-шараға Қытай, БАӘ, Ресей, Ұлыбритания, Швеция, Франция, Түркия, Сингапур, Португалия, сондай-ақ Балтық елдері, Кавказ және Орталық Азия мемлекеттерінен келген 1500-ден астам қатысушы жиналды. Форум цифрландыру, қаржы секторының дамуы, бөлшек сауда, IT және телекоммуникация индустриясы мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Оған мемлекеттік органдар, финтех-компаниялар, коммерциялық банктер, IT-компаниялар, зерттеу және консалтинг орталықтары, сақтандыру компаниялары, криптоиндустрия сарапшылары, инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысты.

Форумның жарқын сәттерінің бірі – Қазақстанның атынан қатысқан CyberFormula³ компаниясының халықаралық аренада өзін таныстыруы болды. Жалпы білім беретін мектептерге арналған кибер-сыныптарымен танымал компания «Кибер-сынып» инновациялық жобасын таныстырды. Бұл жоба алдыңғы қатарлы технологиялар мен білім беру әдістерін біріктіріп, жасанды интеллект пен ерекше дизайнды қолдану арқылы мектептегі білім сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Жобаның әдістемесі ЦАРКА (Орталық Азиядағы киберқауіпсіздік қауымдастығымен) бірлесіп әзірленген және оқушыларға программалау, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік салаларын тереңірек меңгеруге мүмкіндік беретін заманауи білім беру кеңістіктерін құруға бағытталған. Бұл – цифрлық дәуірдің талаптарына сай жаңа буын мамандарын даярлау жолындағы маңызды қадам.

Жобаның негізгі мақсаты – оқушылар мен жаңа буын мұғалімдерін практикалық тұрғыдан даярлауға ерекше көңіл бөле отырып, программалау, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік пәндерін тереңдетіп оқытуға арналған кеңістік құру.

CyberFormula³ форум қатысушыларымен Қазақстандағы білім беру технологияларын дамытуға қатысты өз көзқарасымен бөлісті. Компания өкілдері білім беру саласына жасанды интеллект пен киберқауіпсіздікті енгізудің маңыздылығын атап өтіп, цифрлық экономика талаптарына сай мамандар даярлау қажеттігін ерекше атап өтті.

«Біз Қазақстанның жаңа буын IT-мамандарын тәрбиелеуге ұмтыламыз және бұл үшін дұрыс формуланы таптық: білім алуды ыңғайлы, қызықты және қолжетімді ету», – деді CyberFormula³ компаниясының директоры Кенжебекова Меруерт өз сөзінде.

Digital Kyrgyzstan форумы – нарық қатысушылары, мемлекеттік құрылымдар және халықаралық сарапшылар арасындағы тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Ол бизнес-қарым-қатынас пен ынтымақтастық үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынды.

CyberFormula³ компаниясының жаңа жобалары мен бастамаларын Instagram және YouTube желілерінен бақылауға болады.

TSARKA қолдауымен