Decentrathon 3.0: 16 млн теңге жүлде қоры бар ұлттық онлайн-хакатон басталады

23–25 мамыр аралығында Қазақстандағы ең ірі ұлттық хакатондардың бірі – Decentrathon 3.0 өтеді. Биыл алғаш рет бұл іс-шара толықтай онлайн форматта ұйымдастырылады. Осылайша, тұрғылықты жері, жасы немесе тәжірибесіне қарамастан, кез келген адам бақ сынай алады.
Тіркеу 22 мамырға дейін мына сілтеме арқылы жүргізіледі.
Хакатон бағдарламасы екі бағыттан тұрады – AI-трек және GameJam. Жасанды интеллект саласына қызығатын, бірақ техникалық тәжірибесі жоқ қатысушылар үшін арнайы «Креативтегі AI» трегі іске қосылды. Бұл бағытта бағдарламалау дағдылары қажет емеc, креативті ойлау, жаңаны үйренуге және заманауи AI құралдарымен жұмыс істеуге дайын болу жеткілікті. Трек Kazakhtelecom, activ 5G және Mastercard қолдауымен жүзеге асырылады.
GameJam бағыты аясында қатысушылар өз ойындарының прототиптерін әзірлеп, тарту механикаларымен жұмыс істеп, ойын индустриясындағы нақты кейстермен таныса алады. Бұл бағыт Қазақстандағы мобильді ойындар индустриясының көшбасшысы – Grand Mobile компаниясымен серіктестікте өткізіледі.
Хакатонды Astana Hub пен Blockchain and AI Technology Center бірлесіп, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып жатыр.
Decentrathon 3.0 қатысушыларына кешенді қолдау ұсынылады. Атап айтқанда, сала сарапшыларынан кәсіби менторлық сүйемелдеу, серіктес компаниялардан арнайы тапсырмалар мен бағалы сыйлықтар ұсынылады. Жүлде қорынан бөлек, барлық қатысушыға сертификаттар мен ресми мерч-наборлар табысталады. Хакатон тек шешім әзірлеуді ғана емес, сонымен қатар IT-қауымдастығын дамытуды көздейді.
Хакатонның техникалық инфрақұрылымы Decentra платформасы арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл – Telegram экожүйесіндегі мини-қосымша, оны былтырғы маусым қатысушылары әзірледі. Платформаға тіркелу және тапсырмаларды орындау үшін қосымша бағдарламаларды жүктеудің қажеті жоқ, барлығы ыңғайлы әрі жедел түрде іске асырылады. Ең бастысы – қатысу тегін.
Толық ақпарат пен тіркеу Decentrathon Telegram-арнасында қолжетімді.