Депозиттер, инвестициялар, жылжымайтын мүлік: қазақстанда әйелдер ақшаларын қалай басқарады

Депозиттер, инвестициялар, жылжымайтын мүлік: қазақстанда әйелдер ақшаларын қалай басқарады

Ауқымды әлеуметтік зерттеу аясында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мен «Elim» маркетингтік және әлеуметтік зерттеулер институты қазақстандық әйелдердің жинақ пен депозиттерге деген көзқарасын анықтады. Жалпыұлттық сауалнамаға 18 бен 65 жас аралығындағы 1 980 қазақстандық қыз-келіншек қатысты.

Респонденттердің дерлік 80%-ы тұрмыста, ал 18 бен 29 жас аралығындағы жастар арасында бұл көрсеткіш – 71%. Ел бойынша респонденттердің 89%-ында жоғары білімі немесе ғылыми дәрежесі бар.

• 32% респондент қызмет көрсету, сауда саласында немесе кәсіпкерлікпен айналысады.

• 10% – қаржы және экономика саласында жұмыс істейді.

• 10% – білім, ғылым және мәдениет саласында қызмет атқарады.

• 18% – нақты секторда (өндіріс, транспорт, байланыс, құрылыс, ауыл шаруашылығы) еңбек етеді.

• 4% – IT саласында, 2% – мемлекеттік басқару саласында жұмыс істейді.

• 3% – медицина қызметкерлері.

• 5% – банк секторында қызмет етеді.

Жинақ пен депозиттер

Респонденттердің 34%-ының банкте жинақтары мен депозиттері бар. Олардың 35%-ы ауылда, 12%-ы Алматы мен Астанада, 53%-ы басқа қалаларда тұрады. Әйелдер көбінесе жинақтарын әртүрлі банктерге бөлуді жөн көреді – мұны 51,6% респондент жасайды.

Банк таңдауда әйелдер ерлерге қарағанда мобильді банкингтің ыңғайлылығына, клиенттерге арналған адалдық бағдарламаларына, бонустар мен кешбэк жүйелеріне көбірек мән береді. Сонымен қатар, әйелдер үшін ең маңызды үш фактор – пайыздық мөлшерлеменің тиімділігі, қаражатты шешу және депозитті толықтыру мүмкіндігі, сондай-ақ банктің беделі.

Теңгеге деген сенім

81% респондент депозиттерін теңгемен сақтайды. Банктік клиенттердің 30 жасқа дейінгі тобы арасында бұл көрсеткіш өзгеріссіз – 81%. 79% респондент депозиттерін тек теңгемен сақтап, шетелдік валютада жинақ жасамайды.

Жинақ мақсаттары

30 жасқа дейінгі депозит иелері қаржысын көбінесе жылжымайтын мүлік сатып алуға, болашаққа немесе күтпеген жағдайларға жинауға, сондай-ақ бизнес ашуға бағыттайды. 30 жастан асқан әйелдер үшін де осы мақсаттар өзекті: олар үшін қаржылық резерв құру, жылжымайтын мүлік сатып алу немесе бизнес жүргізу маңызды.

Депозит ашқан барлық жастағы әйелдердің 30%-ы қоршаған ортасының тәжірибесінен шабыттанған. Ал депозиттері жоқ 12% респондент қаржысын бизнеске, бағалы қағаздарға, қымбат металдарға немесе жылжымайтын мүлікке инвестициялауды жөн көреді.

TSARKA қолдауымен