Digital Almaty 2025 форумында геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйелерінің болашағы талқыланды

Digital Almaty 2025 форумында геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйелерінің болашағы талқыланды

Digital Almaty 2025 форумында «Геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйелерінің болашағы: технологиялар, нарықтар және сын-қатерлер» атты панельдік сессия өтті. Сарапшылар төмен орбиталы спутниктердің (НГСО) ғаламдық интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етудегі рөлін, олардың бәсекелестік артықшылықтарын және реттеу, орбиталық қауіпсіздік пен экологиялық тәуекелдерге байланысты мәселелерді талқылады.

Төмен орбиталы спутниктер: байланыс үшін жаңа мүмкіндіктер

НГСО жүйелері жоғары жылдамдықты, төмен кідірісті интернет ұсынатындықтан, олар телекоммуникация, көлік, қорғаныс және төтенше жағдайлар салалары үшін перспективалы шешім болып табылады. Бұл жүйелер цифрлық алшақтықты азайтуға және шалғай өңірлерді интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Василий Леонов төмен орбиталы спутниктерді дамытудың тек технологиялық үрдіс қана емес, цифрлық қолжетімділікке жетудің маңызды қадамы екенін атап өтті:

“Біз тек телекоммуникация саласының дамуы туралы емес, сонымен қатар ең шалғай аймақтарда білім, медицина және бизнеске қолжетімділік туралы айтып отырмыз.”

НГСО жүйелерінің сын-қатерлері: реттеу, экология және коммерциализация

Ғарыш кеңістігіне қауіп

Қазіргі уақытта орбитада мыңдаған спутник жұмыс істеп жатыр және олардың саны күн санап артып келеді. Тиімді бақылау мен пайдаланылған аппараттарды утилизациялау шаралары қабылданбаса, ғарыштық қоқыс көбейіп, соқтығысу қаупі артуы мүмкін. Turkish Aerospace Industry атқарушы вице-президенті Локман Куцу реттеудің маңыздылығын атап өтті: “Егер спутниктік топтардың жұмысын бақылау бойынша шаралар қабылданбаса, орбиталар хаосқа айналуы мүмкін.

Халықаралық жиіліктерді реттеу

Әртүрлі операторлар арасындағы (SpaceX, Spacesail, еуропалық және қытайлық жобалар) бәсекелестіктің жоғары деңгейі орбиталық слоттар мен жиіліктерді үйлестіруді қиындатады. Eutelsat OneWeb-тің нарыққа қолжетімділік және сату жөніндегі директоры Дмитрий Ветлугин бұл мәселеге назар аударды: “Үкіметтер мен халықаралық ұйымдар спутниктік жүйелердің өзара кедергісіз қатар өмір сүруіне мүмкіндік беретін бірыңғай ережелерді әзірлеуі қажет.

Спутниктік интернетті коммерцияландыру

Спутниктік байланыс жүйелері қарқынды дамып жатқанымен, олардың қолжетімді және коммерциялық тұрғыдан тиімді болуы маңызды. Spacesail компаниясының маркетинг және қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті Джи Ван былай деді: “Біз спутниктік интернеттің мобильді байланыс сияқты әркімге қолжетімді болатын деңгейге жетуіне қарай жылжып келеміз.”

Спутниктік байланыстың болашағы: ГСО және НГСО интеграциясы

Сарапшылар алдағы жылдары геостационарлық (ГСО) және төмен орбиталы (НГСО) спутниктік жүйелерді үйлестіре отырып дамыту негізгі бағыт болатынын атап өтті. ГСО кең өткізу қабілеттілігін қамтамасыз етсе, НГСО жоғары жылдамдық пен төмен кідірісті байланыс ұсынады. «Кселл» АҚ корпоративтік мәселелер жөніндегі бас директоры Даурен Шайхин былай деді: “Спутниктік байланыстың болашағы – бір технологияның екіншісін алмастыруында емес, олардың өзара толықтырылуында.

TSARKA қолдауымен