Digital Nomad визасы мен тұруға рұқсат: Қазақстан цифрлық көшпенділер үшін үздік 10 елдің қатарына кіргісі келеді

Қазақстанға халықаралық IT-мамандарды тарту мәселесі AlmatyFair.ai көрмесі аясында өткен «Шекарасыз болашақ: цифрлық көшпенділер дәуірі» атты панельдік сессияның негізгі тақырыбына айналды. Сарапшылар цифрлық көшпенділер үшін қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру, көші-қонның құқықтық аспектілері және IT-мамандарды тартуға арналған жаңа құралдарды іске қосу мәселелерін талқылады.
Цифрлық көшпенділер үшін ең тартымды он елдің қатарына кіру мақсатында Қазақстан ұмтылып отырған халықаралық рейтингтерді зерттеуге ерекше назар аударылды. Бұл мақсатқа стратегиялық бастамалардың іске асуы арқылы қол жеткізуге болады. Мысалы, Digital Nomad Visa — 12 айға берілетін электрондық виза, ол көп мәртелі визаны алу және ықтиярхатқа өтініш беру мүмкіндігін қарастырады. Сондай-ақ, Digital Nomad Residency — шетелдік IT-мамандарға ықтиярхатты жеңілдетілген түрде алуға мүмкіндік беретін онлайн құрал.
Digital Nomad Residency пилоттық жобасы аясында АҚШ, Канада, Грекия және ТМД елдерінен келген үміткерлерді қоса алғанда, бірнеше ондаған өтінім қабылданды. Қазақстан IT-мамандар үшін бірқатар тиімді мүмкіндіктер ұсынады: табыс деңгейін растау талаптарының болмауы, өтінімді онлайн түрде ыңғайлы тапсыру мүмкіндігі және елде ұзақ мерзімді тұруға жағдай жасалған.
Панельдік сессияның басқа да спикерлері шетелдік азаматтардың Қазақстанда болуын реттейтін заңнамалық нормалар туралы түсініктеме берді. Мәселен, Алматы қаласы ПД Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Ердәулет Үсенов шетелдіктердің елде тұру тәртібі мен көші-қон заңнамасының негізгі талаптары туралы айтты. Ал WPK компаниясының өкілдері Айсана Акимбаева мен Әлия Үдербаева бірқатар елдер үшін визасыз режим шарттары, ЖСН алу тәртібі, дактилоскопия және өзге де қажетті рәсімдер жайлы ақпаратпен бөлісті.
Еске сала кетейік, 28–30 наурыз күндері Алматыда жасанды интеллект саласындағы AlmatyFair.ai көрмесі өтті. Іс-шара жетекші IT-компанияларды, стартаптарды және AI саласының сарапшыларын бір алаңға жинады. Көрмені ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Көрменің бас демеушісі — Kaspi.kz, ал ресми серіктестері — Freedom Bank пен Halyk Bank болды.
Digital Nomad Visa және Digital Nomad Residency бағдарламалары туралы толығырақ ақпаратты, сондай-ақ қатысу шарттарын Astana Hub платформасынан білуге болады.