Digital Qalqan Team киберқауіпсіздік жөніндегі халықаралық ойындарда ТОП-5 қатарына кірді

Digital Qalqan Team киберқауіпсіздік жөніндегі халықаралық ойындарда ТОП-5 қатарына кірді

Digital Qalqan Team және FR13NDS TEAM командалары көктемгі маусымда өткен Халықаралық киберқауіпсіздік ойындарының финалында Қазақстан Республикасының атынан қатысқан жалғыз командалар болды. 24–25 сәуір күндері Positive Technologies компаниясы ұйымдастырған ең ірі киберполигон — Standoff алаңында кибершайқас форматында өткен бұл ойындарға әлемнің түрлі елдерінен 300-ден астам команда қатысып, іріктеуден өтті.

Digital Qalqan Team қорғаныс жағындағы команда ретінде инфрақұрылымды шабуылдардан қорғады, ал FR13NDS TEAM шабуылдаушы тараптың құрамында болып, киберқылмыскерлердің әрекеттерін модельдеді. Екі команда да іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, үздіктер қатарына еніп, финалға шықты.

Финал барысында Digital Qalqan Team жоғары техникалық дайындық пен команда бірлігін көрсете отырып, өз санатында ең жоғары ұпай жинап, Қорғаныс командаларының ТОП-5 қатарына енді.

Digital Qalqan Team директоры Асқар Сандыбаев бұл жетістікке байланысты былай деді:

«Біз Қазақстанды әлемдік аренада танытып, Қорғаныс командаларының үздік бестігіне енгенімізге мақтанамыз. Бұл – жүйелі жұмысымыздың, үздіксіз тәжірибеміздің және командалық рухтың нәтижесі. Біз үшін мұндай ойындарға қатысу – жай ғана жарыс емес, ел мен өңірдің киберқауіпсіздігін дамытуға қосқан үлесіміз».

Халықаралық киберқауіпсіздік ойындары тәжірибе алмасуға, біліктілікті көрсетуге және кәсіби байланыстар орнатуға арналған маңызды алаң болды. Қазақстандық екі команданың қатысуы және әрқайсысының өз рөлінде сәтті өнер көрсетуі — отандық мамандардың халықаралық деңгейде мойындалуы жолындағы маңызды қадам.

TSARKA қолдауымен