Әділет министрлігі аумақтық органдардың жұмысын жасанды интеллекттің көмегімен оңтайландырады

ҚР Әділет министрлігі аумақтық бөлімшелерінің жұмысын жетілдіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында Әділет министрі Ерлан Сарсембаев мәлімдеді.
Оңтайландыру Мемлекет басшысының ауқымды цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын пайдалану және өзін-өзі қамтамасыз ететін цифрлық экожүйе құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылады. Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі «Сот орындаушы-робот» арқылы жеңілдетілген іс жүргізуді дамыту болады. Осы бастама аясында Робот өңдейтін өндіріп алу сомасын 20-дан 40 АЕК-ке дейін ұлғайту жоспарланып отыр, бұл азаматтарға қаржылық шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, халыққа заң қызметтерін көрсету механизмдерін жетілдіру, сот-сараптамалық зерттеулер әдістерін дамыту және заң жобаларының сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әділет министрінің айтуынша, бұл шаралар көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және аумақтық органдардың жұмысын тиімді етуге бағытталған.