Дроппер ұғымын заңнамаға енгізу жоспарлануда
Банктер онлайн-кредит беру кезінде бір реттік кодтарды жіберуге міндетті болады.
Қазақстандық банктерді онлайн-кредиттер беру барысында бір реттік кодтарды жіберуге міндеттеу ұсынылып отыр. Бұл жаңашылдық қазіргі уақытта “Ашық НҚА” порталында талқылауға шығарылған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулы жобасына енгізілген.
Жоба аясында банктердің мобильді қосымшаларына алаяқтыққа қатысты шағым беруге арналған функция енгізу ұсынылады. Сонымен қатар, банктердің антифрод жүйелерінде алаяқтық операциялар мен күдікті әрекеттер туралы деректер базасын жүргізуге арналған арнайы бөлімше құру, сондай-ақ ақпаратты Ұлттық банктің антифрод орталығына беру жоспарлануда.
«Дроппер» ұғымы енгізіліп, мұндай клиенттер үшін қашықтан қызмет көрсетуді тоқтату және қайта бастау тәртібі белгіленеді. Жобаның көпшілік талқылауы 26 қарашаға дейін жалғасады.