eGov.kz мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қызметтерін жаңартты

eGov.kz мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қызметтерін жаңартты

Жаңартылған сервис арқылы сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған он сегіз жастан асқан азаматтардың қамқоршылары eGov.kz порталында арнайы қызметтерге онлайн өтінім бере алады. Мемлекеттік қызметтер саласында «кедергісіз орта» құру әртүрлі санаттағы азаматтарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға тең мүмкіндіктер беруді қамтамасыз етеді.

Бұрын сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған он сегіз жастан асқан азаматтардың қамқоршылары құжаттарды қағаз түрінде жинап, арнайы өтінімдерді рәсімдеу үшін кезекке тұратын еді. Жаңартылған сервис қажетті құжаттарды онлайн тапсыруға мүмкіндік беріп, уақыт шығынын едәуір қысқартады.

Енді қамқоршылар келесі мемлекеттік қызмет түрлеріне онлайн өтінім бере алады

• мүгедектерді протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз ету;

• бірінші топтағы жүріп-тұруы қиын мүгедектерге жеке көмекші қызметтерін пайдалану;

• мүгедектерді техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен қамтамасыз ету;

• мүгедектерді арнайы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету;

• мүгедектер мен мүгедек балаларды санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету;

• есту қабілеті нашар мүгедектер үшін ымдау тілі маманының қызметтерін пайдалану (жылына алпыс сағат);

• үй жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтер алу;

• медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнайы әлеуметтік қызметтер алу.

Қызметті алу үшін пайдаланушыға:

• eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Әлеуметтік қамсыздандыру» бөліміне өту қажет;

• одан кейін «Мүгедектерді қолдау» бөлімінде ұсынылған тізімнен қажетті қызметті таңдау керек;

• қызметті ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы қол қою қажет.

Қызмет нәтижесімен пайдаланушы жеке кабинетте («Қызметтер алу тарихы» бөлімінде) таныса алады. Өтінімді өңдеу туралы хабарлама мемлекеттік орган белгілеген уақыт ішінде түседі.

Қызметтер функционалы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бірлескен жұмысының арқасында жаңартылып, іске қосылды.

TSARKA қолдауымен