eGov Mobile-дың жаңа нұсқасы қазақстандықтар үшін қолжетімді болды

eGov Mobile мобильді қосымшасының соңғы жылдардағы ең ауқымды жаңартуы қазақстандықтар үшін қолжетімді болды: интерфейс қайта жасалды, навигация жақсартылды, интеллектуалды іздеу және цифрлық құжаттарға жылдам қол жеткізу мүмкіндігі қосылды. Жаңарту өсіп келе жатқан сұранысқа жауап болды – бес жыл ішінде eGov Mobile қолданушыларының саны алты есе өсіп, 11 миллионнан асты.
Интеллектуалды іздеу және виртуалды көмекші
Басты жаңалықтардың бірі – интеллектуалды іздеу. Енді сұраныс енгізгенде барлық сәйкес нәтижелер: қызметтер, өмірлік жағдайлар көрсетіледі. Іздеу жолағының қасында жасанды интеллект негізіндегі eGov AI виртуалды көмекшісі пайда болды.
eGov AI қосымшаға енгізілген және пайдаланушыларға мемлекеттік қызметтер туралы қажетті ақпаратты тез табуға көмектеседі. Ол чат форматында жұмыс істейді – сұрақ қойсаңыз жеткілікті, көмекші қарапайым тілмен не істеу керегін түсіндіреді, қажет болса, бірден тиісті бөлімге немесе қызметке бағыттайды. Бұл тәсіл уақыт үнемдейді және навигацияны жеңілдетеді. Іздеудің жанындағы eGov AI белгішесін басу арқылы бірден көмекшімен чатқа өтіп, бірнеше секундта жауап алуға болады.
Қауіпсіздік күшейтілді
eGov Mobile жаңартылғанда ақпараттық қауіпсіздікке ерекше назар аударылды. Жеке деректерді қорғау күшейтілді, сыртқы қауіптерге төзімділікті арттыруға бағытталған техникалық жетілдірулер енгізілді.
Жеңілдетілген навигация
Басты бетте енді ең танымал сервистердің белгішелері ұсынылған – оның ішінде мемлекеттік қызметтерге жылдам қол жеткізу бар. eGov логотипі бар белгіше көзге көрінетін жерге орналастырылып, бірден барлық қызметтер жинақталған каталогқа апарады. Қызметтер электрондық үкімет пен E-лицензиялау порталының бағыттары бойынша бөлінген. Төменде жаңа мүмкіндіктер туралы қысқаша ақпарат беретін баннерлер және ТОП-қызметтердің тізімі көрсетіледі.
Жаңартылған «Сервистер» бөлімі
Барлық цифрлық сервистер тізімі енді төменгі мәзірдегі «Сервистер» белгішесі арқылы қолжетімді. Мұнда басты беттегі танымал сервистерден бөлек, барлық қолжетімді құралдар бөлімдерге топтастырылған.
Интерфейс интуитивті болды: әр сервистің жанында кеңсе түйреуішінің белгішесі бар – оны басқанда қызмет автоматты түрде танымалдар тізіміне қосылады. Сондай-ақ бетте негізгі функциялардың қысқаша сипаттамалары бар баннерлер орналастырылған.
Цифрлық құжаттарға бір сәтте қол жеткізу
«Цифрлық құжаттар» бөлімінде де айтарлықтай өзгерістер болды. Жеке куәлік, паспорт, туу туралы куәлік және басқа да маңызды құжаттар енді басты бетте көрсетіледі – бөлек бөлімге өтудің қажеті жоқ. Бұл қажетті құжатты немесе QR-кодты бір сәтте көрсетуге мүмкіндік береді.
Өмірлік жағдайлар каталогы
Пайдаланушылар үшін өмірлік жағдайлар бойынша бөлек каталог енгізілді. Ол қадамдық нұсқаулық алуға мүмкіндік береді – мысалы, емханаға тіркелу, құжаттарды қалпына келтіру немесе жүргізуші куәлігін алу. Таңдаған кезде не істеу, қайда жүгіну, қандай қызметті пайдалану және қандай нормативтік құжаттар қолданылатыны туралы құрылымдалған ақпарат ашылады.
Әрбір өмірлік жағдай интерактивті сауалнамамен толықтырылған. Соның негізінде пайдаланушы жеке сценарий алады. Егер ұсынылған шешім сәйкес келмесе, сауалнаманы қайта өтуге болады – жүйе балама нұсқа ұсынады.
eGov QR функциясын жетілдіру
Енді экранда қызметтің мақсаты туралы түсініктеме көрсетіледі, қажет болғанда экран түнгі уақытта пайдалану үшін автоматты түрде жарықтандырылады.
«Хабарламалар» бөлімін жаңғырту
Қызметтердің мәртебесі, сауалнама нәтижелері және маңызды жаңартулар туралы хабарламалар енді тақырыптар бойынша топтастырылған, бұл қажетті ақпаратты іздеуді жеңілдетеді.
Жеке профильдегі кеңейтілген деректер
Онда енді жеке деректер, отбасы, денсаулық, еңбек қызметі, айыппұлдар, мүлік және басқа салалар туралы мәліметтер көрсетіледі. Сондай-ақ берілген келісімдер тарихы қолжетімді, ал қажетті бөлімге өту түсінікті және ыңғайлы навигация арқылы жүзеге асады.