eGov жүйесіндегі жасанды интеллект: қазақстандықтарға арналған жаңа цифрлық технологиялар
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті күнделікті өмірге енгізу мәселелері қаралды. Олжас Бектенов жасанды интеллектті интеграциялау жұмысын күшейтуді тапсырды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев «Әлеуметтік әмиян», «ОТП Тізілімі», «Онлайн-нотариус», азаматтардың өтініштерін жүйелеуге арналған E-Otinish платформасы және басқа да жобаларды таныстырды.
eGov сервисінде жасанды интеллект технологияларына негізделген eGov.AI платформасы іске қосылды. Бұл платформа пайдаланушыларға сұрақтарына жауап табуға және мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға көмектеседі.
Жаңашылдықты Үкімет отырысында цифрландыру министрі Жаслан Мәдиев таныстырды. Оның айтуынша, көптеген қазақстандықтар қызметтердің қосымшада қолжетімді болуына қарамастан, әлі күнге дейін ХҚКО-ға жүгінуді жөн көреді.
Енді eGov.AI үйден шықпай-ақ қажетті құжаттар мен қызметтерді қалай рәсімдеу керектігін түсіндіріп береді. Қазіргі уақытта көмекші тестілік режимде және тек орыс тілінде жұмыс істейді. Болашақта оның қазақ тіліндегі қолдауын енгізу жоспарлануда, бұл жұмыс Nazarbayev University-мен бірлесіп жүргізіледі.
Үкімет басшысы экономиканы ынталандыру үшін цифрлық орта құрудың маңыздылығын атап өтті. Барлық дамыған елдер цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға инвестиция салып, өз стратегияларын жасайды. Қазақстанда цифрлық технологиялар бүгінгі таңда өнеркәсіп, экология, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік және құқықтық қолдау, салық саласы мен бизнес орта сияқты салаларда енгізіліп, белсенді қолданылуда.