Google Classroom енді қазақ тілінде қолжетімді

Google Classroom енді қазақ тілінде қолжетімді

Google Classroom білім беру платформасы ресми түрде қазақ тіліне аударылып, іске қосылды. Бұл туралы Тұрақты білім беру қорының директоры Данияр Тоқтарбаев Facebook парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, интерфейсті қазақ тіліне аудару жұмыстары бірнеше ай бойы жүргізілген және бұл бастама қазақстандық тараптың ұсыныстарының арқасында мүмкін болды.

«Қаңтар айында біз Лондонда орналасқан кеңсесінде осы мәселені көтерген едік. Олар бұл жұмыстың өзектілігі мен мерзімі жайлы күмән келтірді. Кейін серіктестер аудару жұмыстарының басталғанын растады, міне, бүгін – нәтижесін көріп отырмыз. Біз бұл бастаманың алғашқы иесі емеспіз, бізге дейін де осындай әрекеттер болған. Бірақ біздің серіктестік пен бірлесіп жүзеге асырылатын жоба бұл шешімнің қабылдануына соңғы түрткі болды», – деді Тоқтарбаев.

Локализация жаһандық жаңартудың бір бөлігі болды: қазақ тілі Google Classroom бейімделген 15 жаңа тілдің қатарына кірді.

Енді Google аккаунтының тілі өзгертілсе (веб-нұсқада) немесе телефон мен қосымшаның баптауларында (мобильді құрылғыларда) қазақ тілі таңдалса, Classroom интерфейсі қазақ тілінде көрінетін болады. Кейбір функциялар уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін – мысалы, Practice sets, Read Along, түпнұсқалық есептер және Classroom-дағы Gemini интеграциясы.

Google Classroom деген не?

Google Classroom – білім беру ұйымдарына, мұғалімдер мен оқушыларға арналған тегін оқу процесін басқару платформасы. Ол виртуалды сыныптар құрып, тапсырмалар беруге және тексеруге, тест өткізуге, пікір алмасуға және кері байланыс алуға мүмкіндік береді. Бұл платформа әлем бойынша мектептер мен университеттерде кеңінен қолданылады, әсіресе қашықтан немесе аралас оқыту жағдайында жоғары сұранысқа ие.

Қазақ тіліне локализация жасалуы қазақстандық мектептер мен жоғары оқу орындарында платформаны кеңінен қолдануға жол ашып, мұғалімдер мен оқушылар үшін цифрлық білім беру технологияларына қолжетімділікті жеңілдетеді.

TSARKA қолдауымен