Еліміздің 14 қаласында Ханс Циммердің музыкасы жанды түрде орындалатын болады

Еліміздің 14 қаласында Ханс Циммердің музыкасы жанды түрде орындалатын болады

Қазақстанда дирижер Мадияр Тойболдының жетекшілігімен Ne Prosto Orchestra оркестрінің ауқымды гастрольдік туры басталды. Осы жылдың көктемінде 35-тен 80-ге дейін оркестр мен хор музыканттары елдің 14 қаласында концерттік бағдарлама ұсынады. 

Бағдарлама музыкасы «Дюна 1 және 2», «Интерстеллар», «Кариб теңізінің қарақшылары», «Кунг-фу Панда», «Бэтмен», «Гладиатор», «Арыстан патша», «Шерлок Холмс», «Мадагаскар», «Соңғы самурай» сияқты атышулы фильмдерде, сондай-ақ танымал Call Of Duty бейнеойынында қолданылған қазіргі заманның ең беделді кинокомпозиторларының бірі Ханс Циммердің шығармашылығына арналған. Бұл үлкен жобаға Еуразиялық банк қолдау көрсетті. 

«Бұл банктің қатысуымен өтетін ұжымның екінші гастрольдік туры. Өткен жылы «Ғаламат ғасыр» түрік телехикаясының саундтрек концерттік бағдарламасы аймақтардағы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді, сондықтан біз Ne Prosto Orchestra-мен ынтымақтастықты жалғастыру маңызды деп санадық. Бірлесіп отырып қазақстандық ұжымның интерпретациясында отандастарымызға әлемдік киномузыкалық мұрадан алар жарқын музыкалық әсер сыйлай аламыз. Сондай-ақ, Қазақстанның креативті экономикасының дамуына өз үлесімізді қосу маңызды», — деп атап өтті Еуразиялық банктің басқарма төрағасы Ляззат Сатиева.

Оркестр Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қаласында өз өнерлерін көрсеткен болатын, алдағы күнде Қазақстанның тағы 8 қаласында болмақ. Гастрольдік турдың барлық концерттері Қазақстанның жетекші концерттік алаңдарында өтеді және олардың әрқайсысы еліміздегі музыка сүйер қауымды баурай отырып, көрнекті мәдени оқиға болады деп күтілуде.

«Миллиондаған адамдар білетін және жақсы көретін музыканы орындау біз үшін үлкен мәртебе. Әрбір концерт — көрермендермен жанның бір бөлігімен бөлісу, ұлы композиторлар туындыларының эмоциялары мен атмосфераны жеткізу мүмкіндігі. Біздің басты мақсатымыз — халықты мәдени байыту, контент бойынша да, композициялардың техникалық орындалуы бойынша да нарықтағы ең үздікті көрсету. Мен Еуразиялық банкке қолдауы мен сенімі үшін шын жүректен ризамын — бүгін біз ауқымды жобаны бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз және бүкіл Қазақстанға  өнерімізді  паш етіп, бөлісеміз», — деді өз сөзінде Ne Prosto Orchestra жобасының негізін қалаушы және дирижері Мадияр Тойболды.

Ne Prosto Orchestra — 2017 жылы Алматыда Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Мадияр Тойболды құрған Қазақстандағы алғашқы тәуелсіз симфониялық оркестр. 120 музыканттан тұратын ұжым танымал фильмдер мен сериалдардың саундтректерін орындауға, сондай-ақ танымал әуендерді аранжировкалауға және танымал қазақстандық орындаушылармен коллаборация жасауға маманданған. Оркестр әлемдік танымал композицияларды орындау кезінде қазақтың ұлттық аспаптарын қоса отырып, өзіндік сәйкестендіруге баса назар аударады.

Өзгеше тұжырымдама көрермендердің сүйіспеншілігіне тез ие болды және ұжымның концерттері әрдайым аншлагпен өтеді. Аралас хордың шабыттандыратын вокалы және кинотрилогиялардың ең жақсы сәттерінің динамикалық бейне тізбегі әрбір өнер көрсетуді  нағыз қойылымға айналдырып, ерекше атмосфера жасайды.

Түркістаннан келген көрермен Марал Шадиева өз әсерлерімен былай деп бөлісті:

«Концерт керемет әсер қалдырды. Мұндай мәдени жобалардың өңірлерде де қолжетімді болуы өте керемет. Бағдарлама үлкен талғаммен құрылған — музыка, хор, бейне тізбегі, барлығы біртұтас болып тоғысып, сүйікті фильмдер әлемінде толыққанды жүргендей сезім пайда болды. Әсіресе Интерстеллардағы сәт есте қалды. Музыка басталғанда зал қараңғылыққа батып, кеңістікте нәзік ақшыл көк түсті шамдар баяу жыпылықтай бастады да, бейнебір көз алдыңда жұлдызды аспан ашылғандай болды. Жарық музыканың ырғағымен тербеліп тұрды да, бір сәтте сіз концерт залында емес, алыста — ашық кеңістікте, галактикалар мен сілтідей тыныштықта жүргендей сезінесіз. Бұның өте әдемі және эмоционалды болғаны сонша жанарыма жас келді. Мұндай сәттер жадыда мәңгі есте қалады».

Тараз қаласының тұрғыны Габит Табынтаев та концерт туралы өзінің жылы лебізін білдірді:

«Біз осы фильмдермен өстік, олар балалық шақ пен жастық шақтың ең жылы естеліктерімен байланысты. Перл-Харбор фильмінің музыкасы ойнай бастағанда көз жасын ұстау мүмкін болмады — жүрек әр нотаға жауап қатып жатқандай өте әсерлі болды. Ал соңындағы 80-ші жылдардағы әуендердің миксі бізді жақсы уақыттар атмосферасына қайтарды — бүкіл отбасымыз тәнті болды. Осы кеш үшін Ne Prosto Orchestra мен Еуразиялық банкке алғысымыз шексіз».

Ne Prosto Orchestra оркестрінің гастрольдік туры Еуразиялық банктің қолдауымен бір ауқымды жобада музыка, кино және жанды эмоцияларды біріктіре отырып, Қазақстанның мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналады.

Тур бағдарламасы оркестрдің Instagram-дағы ресми парақшасында қолжетімді.

TSARKA қолдауымен