Енді алғашқы жүргізуші куәлігін алу үшін өтінімді онлайн беруге болады

Енді алғашқы жүргізуші куәлігін алу үшін өтінімді онлайн беруге болады

Қазақстанда алғаш рет жүргізуші куәлігін алатын азаматтар енді өтінімді «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Қосымша бірнеше рет басу арқылы өтінім жіберуге мүмкіндік береді — арнайы бөлімшелерге барудың қажеті жоқ.

Барлық қажетті мәліметтер, соның ішінде медициналық анықтаманың болуы, автомектепті аяқтау туралы куәлік, сондай-ақ шектеулердің жоқтығы — қосымшаның мемлекеттік деректер базалары мен ақпараттық жүйелермен интеграциясы арқылы автоматты түрде тексеріледі.

Өтінім берілгеннен кейін азамат қосымшада өзіне ыңғайлы уақытты таңдап, алдымен теориялық, содан кейін практикалық емтиханды тапсыра алады.

Мемлекеттік баж салығын жүргізуші куәлігін алу үшін емтихандарды сәтті тапсырғаннан кейін арнайы ХҚКО операторына төлеу қажет.

Бұл пилоттық жоба ҚР Ішкі істер министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы аясында іске асырылып жатыр.

Қазіргі таңда қызмет Қазақстанның бүкіл аумағында қолжетімді.

Пилоттық жобаның әрекет ету мерзімі 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін белгіленген. Осы кезең ішінде оның тиімділігі, қолайлылығы және сұранысы бойынша мониторинг жүргізіледі.

Талдау нәтижелері бойынша жүргізуші куәліктерін рәсімдеудің жаңартылған тәртібін тұрақты негізде енгізу мәселесі қаралады.

Жаңа формат жүргізуші куәліктерін алу процесін бірінші рет жүргізуші болатындар үшін әлдеқайда жеңіл, ыңғайлы және қолжетімді етеді.

Бұдан бөлек, «ХҚКО» мобильді қосымшасында болашақ жүргізушілер үшін қосымша мүмкіндіктер бар:

пайдаланушылар теориялық және практикалық емтиханға тіркеле алады, сондай-ақ сынақ жүргізуге жазыла алады.

Сонымен қатар, қосымшада басқа да пайдалы сервистер бар — автокөлік сату-сатып алу келісімін рәсімдеу, көлік құралының тарихын тексеру, және әртүрлі электрондық қызметтерді ыңғайлы форматта алу мүмкіндігі ұсынылған.

TSARKA қолдауымен