Инклюзивті Hearo стартапы Astana Hub-тың Pizza Pitch байқауында үздік жоба деп танылды

Инклюзивті Hearo стартапы Astana Hub-тың Pizza Pitch байқауында үздік жоба деп танылды

Astana Hub-та Pizza Pitch байқауының финалдық кезеңі өтті. Байқауға 65 өтінім қабылданып, онлайн-диагностика нәтижесінде әлеуеті жоғары жобалар іріктелді. Финалға өткен 10 команда өз IT-жобаларын инвесторлар, сарапшылар мен кәсіби қауымдастық өкілдеріне таныстырды.

«Біз Pizza Pitch байқауын 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіп келеміз. Бүгінде табысты жобалардың басым бөлігі алғаш рет дәл осы алаңда өздерін таныстырған. Astana Hub стартаптар үшін Silkway Accelerator, Startup Garage және AI’preneurs сияқты білім беру, инкубациялық және акселерациялық бағдарламаларды ұсынады. Бұған қоса, Draper University-мен бірлесіп Кремний алқабында жүзеге асырылатын Hero Training секілді халықаралық бастамалар да бар. Біз шетелдік технопарктермен және хабтармен тығыз байланыс орнатып, қазақстандық командаларға өз ауқымын кеңейтуге және жаһандық нарыққа сенімді шығуға қолдау көрсетеміз. Мұның барлығы – кәсіпкерлік жолын енді бастағандар үшін ашылатын нақты мүмкіндіктер», –деді Танат Өскембаев, Astana Hub басқарушы директоры.

Pizza Pitch 2025 байқауында жеңіске жеткен Hearo стартабы – есту қабілеті нашар жандарды біріктіріп, тілдік кедергілерді жоюға көмектесетін инновациялық қолданба. Жоба авторы – Әмина Усинаның айтуынша, бұл технология есту қабілетіне қарамастан, әр адамға еркін әрі тең дәрежеде өз ойын жеткізуге мүмкіндік беретін инклюзивті орта құруды көздейді.

«Hearo жобасы – есту қабілеті шектеулі жандардың тілдесуге қатысты кедергілерін жою мақсатында пайда болды. Халықаралық ым-ишара тілі әлі де көпшілік үшін қолжетімсіз екенін түсініп, біз оны оңай, түсінікті әрі интерактивті түрде үйренуге мүмкіндік беретін веб-қосымша жасадық. Қосымшада ым-ишараларды нақты уақытта танитын жасанды интеллект технологиясы қолданылады. Pizza Pitch 2025 байқауындағы жеңіс – біздің дұрыс бағытта келе жатқанымыздың дәлелі. Енді алда үлкен міндеттер тұр: ымдар базасын кеңейту, алгоритмді жетілдіру және сертификациясы бар білім беру платформасын әзірлеу. Біз Hearo арқылы әлемдегі адамдарды біріктіріп, ым тілін баршаға қолжетімді ете аламыз деп сенеміз», – деді Әмина Усина, Hearo негізін қалаушысы.

Екінші орынды Aspan стартабы иеленді – бұл оқуды шағын сабақтар мен ойын элементтері арқылы қызықты форматқа айналдыратын білім беру қосымшасы. Үшінші орын – обыр ауруын диагностикалауға арналған мультимодальды жасанды интеллект жүйесін әзірлеген CortexAI жобасына бұйырды. 

Финалға сондай-ақ FoodSave, PlastX, Clario, Sarqyt, Mind Shield, Kvadred және Uneet стартаптары қатысты. Бұл жобалар қалдықтарды қайта өңдеу мен азық-түлік ысырабымен күресуден бастап, денсаулық сақтау және өндіріс салаларын цифрландыруға дейінгі әлеуметтік, экологиялық және салалық өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

Барлық жеңімпаздар серіктестер тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды. Іс-шараны ұйымдастыруға Реал Тайм Инжиниринг, Fora Soft, SMS BUS, SecureTech Corporation, I-Global Corp және KYC Company компаниялары қолдау көрсетті.

Еске салсақ, Pizza Pitch – бұл стартаптар бағын сынап, көрермендер алдында сөз сөйлеп жаттығатын бейресми алаң. Әрбір қатысушыға таныстырылым үшін небәрі 3 минут беріледі. Сосын тоқтату дабылынан кейін сарапшылар әр стартапқа өз бағасын береді.

TSARKA қолдауымен