ISAAC 2025 Мартин Хайрер: Жасанды интеллект жаңа идеяларды тудырмайды

Nazarbayev University ұйымдастырған 15-ші Халықаралық ISAAC конгресінде басты қонақтардың бірі – австриялық-британдық математик, Филдс медалінің иегері және Швейцариядағы EPFL профессоры Мартин Хайрер болды.
Неге жасанды интеллект жаңа идеялар тудырмайды?
Өйткені жасанды интеллект негізінен жаңа білім жасамайды. Ол ақпаратты интернеттен алады. Оның жұмыс істеу тәсілі — бар мәліметтер негізінде ең ықтимал жауапты табу. Бірақ ол жаңа идея тудырмайды. Кейде ол «ойдан шығарып» жібереді, себебі ықтималдықты іздейді. Мысалы, белгілі бір тақырып бойынша кім жұмыс істегенін сұрасаңыз, ол дереккөздердің тізімін ұсынады — кейбірі дұрыс, кейбірі қате, бірақ бәрі ықтимал көрінеді.
Бұл тақырыпты студенттермен бірге талқылайсыз ба?
Мен бұл тақырыпты өз курсыма қоспаймын. Егер студенттер жасанды интеллектті пайдаланса, оған қарсылығым жоқ. Бірақ ауызша емтихан кезінде олар ИИ-ді пайдалана алмайды — сол кезде өздері түсіндіріп, менімен талқылауы керек.
Өмірде математикалық түсініктен тыс нәрселер бар ма?
Иә, өмірде көптеген нәрселерді математикалық сипаттауға болмайды. Мәселені математикалық түрде түсіну — оңай, ал ең қиыны — дұрыс сұрақ қойып, оны есепке айналдыру. Күнделікті қолданылатын ұғымдар нақты бола бермейді, сол себепті өмірдің көп қырларын математикалық тұрғыдан сипаттау мүмкін емес.
Барлық нәрсенің артында құрылым бар ма?
Жоқ, міндетті емес. Адамның жеке қарым-қатынастарын математикалық модельдеу қиын. Халықтың жалпы мінез-құлқын болжауға болады, бірақ жеке адамның сезімін немесе ғашық болуын формуламен айту мүмкін емес.

Математикада «жұмсақ» дағдылар қаншалықты маңызды?
Математиканы түсіну — бұл шынайы қуаныш. Бірақ егер оны түсіндіре алмасаң, онда мәні жоғалады. Математиканың маңызды бөлігі — идеяны адамдармен бөлісу, түсіндіру және олар қалай қабылдағанын түсіну.
Сіздің жұмысыңыз кездейсоқтықпен байланысты. Математикада кездейсоқтық деген не және ол неге маңызды?
Бұл – нақты құбылыс. Мысалы, кофеге сүт құйған кезде оның араласуын бақылайсыз. Бұл — кездейсоқ қозғалыс. Молекулалар хаотикалық қозғалады. Осы қозғалысты сипаттау үшін кездейсоқтық қажет. Сол арқылы біз желдің немесе басқа жүйелердің толық бейнесін түсіндіре аламыз.
Жасанды интеллект ғасырдың ғылыми мәселелерін шеше ала ма?
Көрейік. Мен бұл туралы аса сенімді емеспін. ИИ үлкен жетістіктерге жетті, мысалы, AlphaFold — өте пайдалы әрі әсерлі жоба. Бірақ ол шынайы түсінік бермейді. Математикадағы мақсатымыз — түсіну.
Автономды көліктерге қатысты не ойлайсыз?
Tesla он жылдан бері келесі жылы толық автономды көліктер шығады деп келеді. Бірақ әлі де толық емес. Себебі олардың қалай жұмыс істейтінін нақты білмейміз. Егер жүйе қателік жасаса, ол адам өліміне әкелуі мүмкін. Ал біз, математиктер, ондай жүйелерге өмірімізді сеніп тапсыра алмаймыз. Біз қалай жұмыс істейтінін түсінгіміз келеді.
Барлық көшбасшылар математик болған елде өмір сүргіңіз келе ме?
Жалпы, математиктер әділ келеді. Олар интеллектуалдық адалдықты ұстанады және қателіктерін мойындайды. Бірақ саясаткер болу үшін басқа қабілеттер де қажет — көпшілік алдында сөйлеу, адамдарды шабыттандыру және тағы басқалар. Кейде бұл қасиеттер бір адамда тоғысады, бірақ көбіне олай емес.
Саясаткерлерге математика қажет пе?
Иә. Үлкен математик болу шарт емес, бірақ статистиканың негізін білу — маңызды. Статистика жиі түсініксіз көрінуі мүмкін, сондықтан оны дұрыс түсіну керек. Кейбір саясаткерлердің сандарды жақсырақ түсінгені жөн болар еді.