Кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық: мобильді қосымша жұмысты жеңілдетті
Қазақстанда шағын және орта бизнес өкілдері бұдан былай eGov Business мобильді қолданбасының көмегімен мемлекеттік қызметтер мен сервистерді пайдалана алады. Ол үшін App Store немесе Play Market дүкендерінен қосымшаны жүктеп алсаңыз жеткілікті.
Айта кетейік, eGov business мобильді қолданбасы «Мобильді үкімет» ақпараттық жүйесінің құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Яғни, заңды тұлғалар әр түрлі мемлекеттік қызметтерге смартфон арқылы қол жеткізе алады деген сөз. Енді азаматтар үйден шықпай-ақ ЭЦҚ шығара алады, тіпті QR арқылы түрлі құжаттарға қол қоя алады.
eGov business мобильді қолданбасында қызметтің бірнеше түрі бар. Кәсіпкерлерге 33 eGov қызметі және eLicense порталының 399 қызметі (80 лицензияны, 266 рұқсатты, 52 хабарламаны және 1 анықтаманы қоса алғанда) қолжетімділік бар екенін еске саламыз.
Мобильді қосымшада жеке кабинет ретінде жұмыс істейтін және оған кіретін бірінші басшының профилі де қол жетімді:
- заңды тұлға туралы ақпарат;
- филиалдар мен лицензиялар туралы деректер;
- басқа заңды тұлғаларға қатысқан жағдайда еншілес компаниялар туралы ақпарат;
- заңды тұлғаның мүлкі туралы құжаттар мен деректер.
Сондай-ақ eGov Business қолданбасында отандық тауар өндірушілерге арналған бөлім бар. Онда кәсіпкерлер өзіне керекті тауарды немесе қызметке тез-ақ қол жеткізе алады. Бұл - отандық өндірушілер мен сатып алушылардың байланысы үшін жасалған тамаша мүмкіндік.
Айта кету керек, eGov Business мобильді қолданбасында ГОСТ 2015 жаңа форматы бойынша ЭЦҚ шығару көзделген. Пайдаланушылар құжаттарға 4 таңбалы PIN коды арқылы немесе кіріктірілген биометрия (Face ID/Touch ID) арқылы қол қоя алады.
Осы уақытқа дейін eGov business мобильді қосымшасын 45 мыңнан астам адам жүктеген екен. IOS қолданушыларының саны 31 мың болса, Android 15,2 мың болған.