Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржының цифрлық картасын іске қосады
 
            ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржының Цифрлық картасын жасау жобасын іске асыруда.
Жоба мемлекеттік қаражатты басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесінде аналитикалық тәсілді дамытуға бағытталған.
Мемлекеттік қаржының цифрлық картасы – ҚР Қаржы министрлігінің Ситуациялық орталығы шеңберінде қалыптастырылған барлық қаржылық көрсеткіштерді визуализациялауға арналған заманауи құрал. Барлық деректер географиялық координаттармен байланыстырылған картографиялық қабаттар жиынтығы түрінде көрсетіледі. Бұл министрлік пен оған қарасты мекемелер қызметкерлеріне жедел басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Картаның негізінде барлық салық төлеушілер туралы локациялық ақпарат бар: жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар. Қазіргі таңда картада шамамен 2,5 миллион ұйым көрсетілген. Бөлек бақылау-кассалық машиналар (БКМ) белгіленген. Картада шамамен 1,4 миллион касса бейнеленген. Сондай-ақ «Чектер» опциясы іске қосылған — онда онлайн режимінде әрбір чекті және оның деректерін көруге болады. Мұндай тәсіл сатылым динамикасын дәл бақылауға мүмкіндік береді. 2025 жылдың басынан бері чектер саны 3,9 миллиардқа жуықтап, жалпы айналым 40,5 трлн теңгеден асты.
Біртұтас кеңістікте ақпаратты шоғырландырудың арқасында жүйе кез келген нысанның табыстылығын анықтай алады — жеке ғимараттан бастап тұтас аймаққа немесе елге дейін.
Деректердің түсінікті визуализациясы картада қалыптан тыс жағдайларға дер кезінде ден қоюға мүмкіндік береді. Бұл үшін жүйеде арнайы тәуекелдерді анықтау опциясы бар — ол тапсырмалар қалыптастырып, кейінгі талдауды, соның ішінде тауарлық талдауды жүргізуге мүмкіндік береді.
Талдау барысында дұрыс қалыптастырылмаған чектер мәселесі анықталды, бұл бухгалтерлік есеп жүргізу мәдениетінің жеткіліксіздігін көрсетеді. Осыған байланысты ҚР Қаржы министрлігі ҚР Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп мемлекеттік деректер базасын — Ұлттық тауарлар каталогын құру жобасын іске асыруда. Бұл ақпараттың анықтығы мен ашықтығын арттыруға бағытталған.
Келесі кезеңде көрсеткіштер тізбесін кеңейту жоспарланып отыр. Олардың ішінде тауарлық және кедендік аналитика, бюджеттік несиелер, отандық тауар өндірушілер, жер қойнауын пайдалану, сондай-ақ жылжымалы және жылжымайтын мүлік пен жер учаскелері туралы деректер болады. Барлық ақпарат аудандар, қалалар, облыстар және жалпы Республика деңгейінде жинақталады.
Күтілетін нәтижелер:
- қаржылық көрсеткіштерді географиялық тұрғыдан егжей-тегжейлі визуализациялау;
- салық төлеушілер мен мемлекеттік органдардың қаржылық-шаруашылық қызметінің ашықтығын арттыру;
- аудан, облыс және ел деңгейінде кіріс базасын талдау мүмкіндігі;
- мемлекет қажеттіліктерін бағалау үшін өңірлердің тұтыну көрсеткіштерін (азық-түлік, дәрі-дәрмек, СЗПТ және т.б.) визуализациялау.
