“Касперский зертханасы”: Қазақстандық ата-аналардың 16%-ы балаларының интернетте бейтаныс адамдармен хат алмасатынын біледі

“Касперский зертханасы”: Қазақстандық ата-аналардың 16%-ы балаларының интернетте бейтаныс адамдармен хат алмасатынын біледі

Қазақстандағы ата-аналардың 16%-ы өз балаларының интернетте бейтаныс адамдармен хат жазысқанын біледі. Бұл мәліметтер “Касперский зертханасының” сауалнама деректерінен алынған. Сонымен қатар, ата-аналардың 29%-ы балаларына белгісіз адамдардан достық ұсыныстары түскенін айтты.

Бейтаныс адамдармен интернетте сөйлесу – балалар үшін ең үлкен онлайн қауіптердің бірі. Кейде балалар интернеттегі таныстарымен нақты өмірде кездесуге келісуі мүмкін, бұл қауіпті жағдайларға алып келуі мүмкін. Сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 4%-ы балаларының осындай кездесулерге келісіп, нақты өмірде қауіпті жағдайларға тап болғанын растаған.

Кейбір жағдайларда балалардан жеке фотосуреттер немесе басқа материалдар сұралуы мүмкін. Бұл материалдар кейін бопсалау, кибербуллинг немесе басқа да зиянды мақсаттарда қолданылуы мүмкін. Сауалнамаға сәйкес, ата-аналардың 16%-ы балаларынан жеке фотосуреттерді сұраған жағдайлар туралы хабардар, ал олардың 40%-ы балаларын алдап, интимдік фотосуреттерін алған жағдайларды растады.

“Интернетте танысудың еш жаман жері жоқ, алайда ата-аналар балаларға бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасауға мұқият болу керектігін түсіндіруі керек, дәл нақты өмірдегідей сақтық танытқан жөн. Егер адаммен әлеуметтік желілерде ортақ таныстар болмаса, парақша жақында құрылып, ешқандай ақпарат немесе фотосурет болмаған жағдайда сақтықпен қарау керек. Ең бастысы, бейтаныс адамның не жазып жатқанын мұқият бақылау қажет: егер ол кешке ата-анасыз кездесуді ұсынса, жеке деректерді сұраса немесе жақын тақырыптарда сөйлесуге тырысса, бұл қауіпті белгі”, – деп түсіндірді Валерий Зубанов, “Касперский зертханасының” Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы басқарушы директоры.

Балаларды интернеттегі қауіп-қатерлерден қорғау мақсатында “Касперский зертханасы” келесі шараларды ұсынады:

• Балалармен онлайн қауіптер туралы ашық сөйлесу және қауіп төнген жағдайда көмек сұраудан қорықпайтын сенімді қарым-қатынас орнату;

• Балаларға бейтаныс адамдармен жеке деректерді бөліспеу және оларды күмәнді сайттарға енгізбеуді үйрету;

• Интернетте артық тәуекелдерден сақтандыру, яғни жеке деректерді шамадан тыс жарияламауға ескерту. Бұл ақпаратты зиянды адамдар пайдаланып кетуі мүмкін;

• Ата-аналарға балалардың интернеттегі әрекеттерін бақылауға мүмкіндік беретін Kaspersky Safe Kids секілді арнайы бағдарламаларды пайдалану. Бұл қосымша орынсыз мазмұнды блоктайды, балаларға цифрлық әдеттерді қалыптастыруға көмектеседі, баланың орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік береді және т.б. “Касперский зертханасы” шешімдерінің тиімділігі мен қауіпсіздігі тәуелсіз сынақтар арқылы үнемі расталып отырады.

Осындай алдын алу шараларын қабылдай отырып, ата-аналар өз балаларын интернеттегі қауіпті жағдайлардан қорғауға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қоса алады.

TSARKA қолдауымен