Қазақстан Энергетика министрлігі мен Huawei энергетика саласын цифрландыру бойынша меморандумға қол қойды

Астана қаласында «Орталық Азия – Қытай 2025» атты алғашқы Өңірлік энергетикалық форум аясында Қазақстан мен Қытай арасында бірқатар ынтымақтастық келісімдері жасалды.
Негізгі құжаттардың бірі – Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Huawei Technologies Kazakhstan компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум болды. Бұл құжат энергетика саласын цифрлық трансформациялау және оның киберқауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Меморандум аясында Қазақстан Республикасының мұнай-газ, тау-кен және электр энергетикасы салаларында цифрландыру бойынша бірлескен инновациялық жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Тараптар энергетикалық жүйенің энергия тиімділігін, экологиялық тазалығын және сенімділігін арттыру үшін жасанды интеллект (ЖИ) пен үлкен деректер технологияларын қолдануға ниетті. Сондай-ақ келесі буындағы телекоммуникациялық және бұлттық инфрақұрылымды дамыту, заттар интернеті, киберқауіпсіздік және нысандардың цифрлық егіздері бойынша шешімдерді енгізу жоспарланып отыр. Ерекше назар «Grid-Forming» энергия сақтау жүйелері жобаларына аударылған: Huawei бұл инновациялық шешімдерді тиімді енгізу үшін өз технологиялары мен сараптамасын ұсынады.
Келісімді іске асыру аясында тараптар Энергетика министрлігі жанындағы Цифрлық трансформациялау кеңсесінде бірлескен жұмыс тобын құрады. Бұл топ энергетика саласының қазіргі жағдайына талдау жасап, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және 2025–2028 жылдарға арналған энергетикалық желілердің қажеттіліктері мен сапасы бойынша болжамдық талдамалық ақпаратты әзірлеумен айналысады. Бұл үшін Big Data, IoT және ЖИ технологиялары қолданылады. Жұмысты үйлестіру мақсатында екі тарап өкілдері арасында апталық негізде деректер алмасу жүйесі жолға қойылады.