Қазақстан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қорының цифрлық мониторингін енгізуде

Сауда және интеграция министрлігі «Қазақтелекоммен» бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларындағы қорын онлайн-бақылаудың кезең-кезеңімен жүйесін іске қосуда. Жаңа алгоритм тауар қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға және қорларды басқарудың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жүйе үш кезеңде жүзеге асырылады:
● Бірінші кезеңде қоймалар мен бар қорлар бойынша деректер базасы қалыптастырылады. Қазірдің өзінде Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Жетісу және Қостанай облыстарының тұрақтандыру қорлары тиімді жұмыс істеп тұр.
● Екінші кезеңде онлайн-трансляциясы бар бейнебақылау орнатылып, деректер Ұлттық тауарларды қадағалау жүйесінің мобильді қосымшасы мен дашбордына интеграцияланады. Пилот Павлодар облысында іске қосылды.
● Үшінші кезеңде электронды шот-фактуралар мен фискалдық деректер операторларының мәліметтерін талдау жоспарланып отыр, бұл өнімнің өндірушіден түпкілікті тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар атаулы әлеуметтік қолдауға көшу жөніндегі түзетулер енгізілуде. Пилоттық жоба Ақкөлде басталды, ал жақын арада Павлодар мен Көкшетауда кеңейтілмек.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Табиғи монополияларды реттеу комитетіне реттелетін қызметтер бағасының өсуін ұстап тұру бойынша ұсыныстар әзірлеуді, ал әкімдіктерге — серіктес ӘКК-нің көкөніс қоймаларына бейнебақылау камераларын орнату үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуді тапсырды.