Қазақстан мемлекеттік органдарының gov.kz сайттарының дизайны жаңартылып, қолдануға ыңғайлы бола түсті

Қазақстан мемлекеттік органдарының gov.kz сайттарының дизайны жаңартылып, қолдануға ыңғайлы бола түсті

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ («ҰАТ» АҚ) Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы (МО ИРБП) үшін жаңа дизайн әзірлеп, іске қосты. Жаңарту жұмыстары компанияның ішкі ресурстарымен жүргізілді және заманауи ыңғайлылық, қауіпсіздік пен бейімділік талаптарына толықтай сай келеді.

МО ИРБП – мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын орналастыруға арналған технологиялық шешім. Ол сайттардың құрылымы мен мазмұнының бірізділігін, ақпараттың қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді болуын, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді. Осы платформаның арқасында азаматтар мемлекеттік органдардан өзекті ақпаратты жылдам әрі ыңғайлы форматта ала алады.

Жаңартылған дизайн сайттарды пайдалануды жеңілдетіп, интуитивті түрде түсінікті етті. «ҰАТ» АҚәзірлеушілері интерфейстің мобильді құрылғыларға бейімделуіне ерекше назар аударды, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін контенттің қолжетімділігіне мән берді.

Айта кету керек, 2020 жылы іске қосылған сәттен бері МО ИРБП платформасына 3 500-ден астам мемлекеттік органның сайты көшірілді. Бұл тек бірыңғай визуалды және құрылымдық стандарттарды енгізіп қана қоймай, әкімшілендіру үдерісін де айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік берді. 2024 жылы сайттарға 35,6 миллионнан астам рет кіру тіркелсе, 2025 жылдың басынан бері бұл көрсеткіш шамамен 8 миллионға жетті.

Жаңартылған дизайн – МО ИРБП-ны дамытудың маңызды кезеңі. Алдағы уақытта платформаның функционалы кеңейіп, жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарлануда. Бұл бастамалар азаматтар мен мемлекет арасындағы цифрлық өзара әрекеттестікті одан әрі жақсартып, мемлекеттік қызметтерді барынша тиімді және қолжетімді етуге бағытталған.

Сонымен қатар, МО ИРБП – бірыңғай техникалық және дизайнерлік талаптарды ұсынатын конструктор екенін атап өткен жөн. Алайда сайттардың мазмұнын қалыптастыру жауапкершілігі әр мемлекеттік органның құзыретінде қала береді.

TSARKA қолдауымен