Қазақстан мен БАӘ жасанды интеллект, үлкен деректер, 6G және робототехника салаларында зерттеу орталықтарын ашуды жоспарлап отыр

Қазақстан мен БАӘ жасанды интеллект, үлкен деректер, 6G және робототехника салаларында зерттеу орталықтарын ашуды жоспарлап отыр

Қазақстан астанасында Қазақстан–БАӘ сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның 10-отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл Әл Мазруи төрағалық етті. Шара Астанада екі елдің негізгі мемлекеттік органдары, даму институттары және технологиялық компания өкілдерін жинады.

«Біздің Біріккен Араб Әмірліктерімен ынтымақтастығымыз әлдеқашан классикалық экономикалық диалог шеңберінен шығып кетті. Бүгінде біз елдер жасанды интеллект пен GovTech-тен бастап ғарыш, энергетика және ғылыми зерттеулерге дейінгі бағыттарда болашақтың цифрлық архитектурасын бірге қалай қалыптастыра алатынын талқылап отырмыз. Қазақстан мен БАӘ-ні біріктіретін ерекше қасиет бар — адамның және технологияның мүмкіндіктеріне деген сенім. Сондықтан біздің серіктестігіміз өңірдегі ең қарқынды әрі перспективалы бағыттардың біріне айналып келеді», — деп пленарлық отырысты ашты Жаслан Мадиев.

Осы жылғы ынтымақтастық күн тәртібінде цифрландыру, жасанды интеллект және технологиялық серіктестік орталық орын алды.

Қазақстан мен БАӘ іс жүзінде барлық негізгі секторлар бойынша өзара әрекеттесуді күшейтті. Әмірліктер Қазақстан экономикасына ең ірі инвесторлардың бірі болып қала береді: соңғы он жылда тікелей инвестициялар көлемі 1,3 млрд доллардан асты, ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында былтырғы кезеңмен салыстырғанда екі есе өсті.

Бүгінде Қазақстанда эмираттық қатысы бар шамамен 500 компания жұмыс істейді, оның 49-ы — АХҚО юрисдикциясында. Ал Қазақстанның БАӘ экономикасына салған инвестициясы 2 млрд долларға жақындады, бұл өзара сенімді және ұзақмерзімді серіктестікті білдіреді.

Отырыс барысында ерекше назар цифрлық күн тәртібіне — екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрін күшейтетін стратегиялық бағытқа аударылды.

Қазақстан Орталық Азиядағы алғашқы экзафлопстық инфрақұрылымның (өңірдегі ең қуатты суперкомпьютер) іске қосылу нәтижелерін таныстырып, елордада цифрлық контурды қалыптастырудағы эмираттық компаниялардың үлесін атап өтті. Тараптар Kaz–UAE GovTech Innovation Hub құруды — цифрлық шешімдерді тестілеуге, тәжірибе алмасуға және мемлекеттік басқаруға инновация енгізуге арналған бірлескен алаңды талқылады.

Жасанды интеллект, үлкен деректер, 6G технологиялары және робототехника салаларында бірлескен зерттеу орталықтарын ашу бастамалары, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер, инженерлер мен зерттеушілерге арналған маман алмасу және білім беру бағдарламалары қаралды. Киберқауіпсіздік, цифрлық активтер және жоғары өнімді есептеулер салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту де жеке блок ретінде талқыланды.

Тараптар ғарыш жобаларына да назар аударды. Қазақстан ЖҚЗ спутниктері, деректерді беру, ғарыш ғылымы және халықаралық миссияларға қатысу бағыттарында серіктестік мүмкіндіктерін таныстырды.

Отырыс қорытындысы бойынша цифрландырудан бастап көлікке, энергетикаға, ғарышқа және мәдениетке дейінгі барлық негізгі бағыттар бойынша келісімдерді бекіткен Үкіметаралық комиссияның 10-отырысының Хаттамасына қол қойылды.

TSARKA қолдауымен