Қазақстан мен Қытай шекарасында пилотсыз жүк көліктері қатынай бастады

Қазақстан мен Қытай шекарасында пилотсыз жүк көліктері қатынай бастады

Қазақстан мен Қытай «Ақылды кеден» пилоттық жобасын іске қосты. Жоба аясында жүргізушісіз жүк көліктері шекараны алғаш рет өздігінен кесіп өтуде. Бұл бастама «Бақты» (ҚР) – «Покиту» (ҚХР) өткізу пункттерінде жүзеге асырылып жатыр.

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, жоба барлық рәсімдерді цифрландыруды көздейді: бірыңғай электрондық декларация енгізіліп, навигация мен бақылау автоматтандырылды, ал жүктерді рәсімдеу толығымен электронды түрде жүргізіледі.

Министрлік бұл бастаманың бірқатар тиімділігін атап өтті:

– жүк ағынын жылына 10 млн тоннаға дейін арттыру;

– кедендік рәсімдеу уақытын қысқарту;

– тасымалдау шығындарын азайту;

– логистиканың ашықтығы мен қауіпсіздігін күшейту;

– агроөнімдердің (астық, ет, майлы дақылдар мен өңделген тауарлар) экспортына серпін беру;

– шекара маңындағы аймақтарда логистикалық хабтар мен инфрақұрылымды дамыту.

Жоба сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Қаржы министрлігінің пікірінше, бұл бастама Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі транзиттік торап ретіндегі рөлін күшейтеді.

Бастама аясында кедендік және логистикалық процестерді бірігіп цифрландыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

TSARKA қолдауымен