Қазақстан мен Meta жалған ақпарат пен онлайн-алаяқтыққа қарсы күрес бойынша жұмыс тобын құрады

Қазақстан мен Meta жалған ақпарат пен онлайн-алаяқтыққа қарсы күрес бойынша жұмыс тобын құрады

Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Meta компаниясының мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Сарим Али Азизпен кездесу өткізді. Келіссөздердің басты тақырыбы — Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік шараларын күшейту, оның ішінде жалған жарияланымдар мен интернет-алаяқтықпен күрес мәселелері болды.

Министр Meta компаниясына осы бағытта атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтып, одан әрі белсенді әрекеттердің қажеттілігін атап өтті. 2025 жылдың басынан бері министрлік цифрлық кеңістікте 7689 құқықбұзушылықты тіркеген, оның ішінде 3027 — Facebook платформасында, 4662 — Instagram желісінде орын алған. Meta компаниясы бұзушылықтардың 90%-ын Facebook-те және 51%-ын Instagram-да жойған.

Кездесуде алаяқтық сипаттағы жарнама мен мессенджерлердегі жалған ақпараттың көбеюіне ерекше назар аударылды. Балаева тизерлік жарнамаларда дереккөзге тікелей сілтеменің болмауы бұзушылықтарды анықтап, шұғыл әрекет етуді қиындататынын айтты. Сонымен қатар, WhatsApp платформасындағы жалған ақпараттың таралуы да талқыланды.

Келіссөздер нәтижесінде министрлік пен Meta өкілдерінен құралған арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Бұл топтың мақсаты — контент модерациясын күшейту және цифрлық ортадағы құқықбұзушылықтарды азайту үшін техникалық шешімдер әзірлеу.

Мәдениет министрлігі азаматтарды интернетте сақ болуға шақырады: жеке деректерді жарияламауға, ақпарат көздерін тексеруге, күрделі құпиясөздер қолдануға және күмәнді әрекеттерді уәкілетті органдарға хабарлауға кеңес береді.

TSARKA қолдауымен