Қазақстан суперкомпьютерлік чиптерді сатып алу лицензиясын алуға дайындалуда

Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі суперкомпьютерлік чиптерді сатып алу лицензиясын алу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Бұл жасанды интеллектті дамыту үшін қажетті есептеу қуатын кеңейтудің маңызды қадамы болмақ.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда Tier 3 деңгейіндегі деректерді өңдеу орталығы бар, онда eGov Mobile сияқты мемлекеттік цифрлық сервистердің жұмысын қамтамасыз ететін суперкомпьютерлер орналастырылған. Бұған қоса, ғылыми зерттеулер жүргізу, KazLLM-ды оқыту және отандық ЖИ-шешімдерін әзірлеу мақсатында суперкомпьютерлік кластер құру жұмыстары жалғасуда.
Алайда, есептеу қуатына деген сұраныс үнемі өсіп келеді, бұл цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде кеңейтуді талап етеді.
«Есептеу қуатына сұраныс қарқынды артуда, ал технологиялар барған сайын көп ресурстарды қажет етеді. Сондықтан министрлік елдің жоғары технологиялар саласындағы болашақ дамуының негізін қалап, цифрлық инфрақұрылымды біртіндеп дамытуды жалғастыруда. Бүгінде жасанды интеллектті дамыту суперкомпьютерлік чиптер өндіретін елдер үшін ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық бәсекеге қабілеттілік мәселесі ретінде қарастырылуда. Бұл елдер ЖИ технологияларын бақылау саясатын жүргізіп, есептеу қуатының экспортын реттеу шараларын енгізуде. Бұл мәселенің маңыздылығы ядролық қауіпсіздік пен қаржы нарықтарының тұрақтылығына теңестіріліп отыр», – деп атап өтті министрлікте.
Суперкомпьютерлік чиптердің экспортын жетекші елдердің қатаң бақылауға алуы күрделі реттеушілік рәсімдерді сақтауды талап етеді. Қазіргі уақытта Қазақстан тиісті лицензияны алу үдерісінде, бұл елге озық технологияларға қол жеткізуге және жасанды интеллектті одан әрі дамытуға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.