Қазақстан цифрлық бәсекеге қабілеттілік бойынша әлемнің топ-35 еліне кірді

Қазақстан IMD World Digital Competitiveness 2024 халықаралық рейтингінде 67 елдің ішінде 34-орынға ие болып, цифрлық трансформация саласындағы тұрақты позициясын растады. Бұл рейтинг елдердің экономикалық тиімділікті арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін цифрлық технологияларды енгізу және дамыту қабілетін бағалайды.
Қазақстанның рейтингтегі негізгі бағыттар бойынша көрсеткіштері:
● 33-орын — білім мен адами капитал (оның ішінде цифрлық дағдылар, ғылыми дайындық, білім беру);
● 46-орын — технологиялық даму (реттеуші орта, инвестициялар, инфрақұрылым);
● 27-орын — болашаққа дайындық (бизнестің икемділігі, мемлекеттік қызметтердің цифрлану деңгейі, IT-ға бейімделу).
Қазақстанның мықты тұстары:
● Цифрлық бизнестерді іске қосуға дайындық деңгейі жоғары;
● eGov-сервистерін белсенді дамыту;
● Телекоммуникациялық және IT-инфрақұрылымды нығайту.
Алдағы жылдарға арналған басым бағыттар:
● Цифрлық және жасанды интеллект дағдыларын ілгерілету (AI People, AI Qyzmet, Tomorrow School бастамалары арқылы);
● Жасанды интеллект және дербес деректерді қорғау саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру;
● Дата-орталықтар салу, цифрлық платформаларды іске қосу және стартап-экожүйені қолдау.
Қазақстан «цифрлық мемлекет» құру стратегиясын жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Бұл стратегия супер ХҚКО-лардан бастап білім беру бағдарламаларына, ұлттық жасанды интеллект платформасына және Орталық Азиядағы өңірлік көшбасшылықты ілгерілетуге дейінгі барлық саланы қамтиды.