Қазақстан түркі үлкен тілдік моделін жасауға қатысады

Қазақстан түркі үлкен тілдік моделін (LLM) құруға белсенді түрде қатысуға дайын. Бұл жоба түркі әлемі елдерінің ғылыми әлеуетін жасанды интеллект саласында біріктіруді көздейді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев Астанада Әзербайжан Республикасының цифрлық даму және көлік министрі Рашад Наби оғлы Набиевпен кездесу кезінде мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстан мұндай жобаларды жүзеге асыруға қажетті технологиялық инфрақұрылымға ие. 2025 жылдың шілдесінде Орталық Азиядағы ең ірі есептеу кластері — Alem.Cloud Ұлттық суперкомпьютерлік орталығы ашылды. Ол жасанды интеллекттің алдыңғы қатарлы модельдерін оқытуды және енгізуді, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі ғылыми және инженерлік есептеулерді қамтамасыз етеді.
Қазақстан мен Әзербайжан Astana Hub және АҚШ-тағы Silkroad Innovation Hub арқылы IT-компаниялар, зерттеу орталықтары және стартаптар арасындағы ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Бірқатар әзербайжандық стартаптар Astana Hub акселерациялық бағдарламаларынан сәтті өтті — олардың қатарында Tryverse, Metatesk, Voiceloft және Tripsome.com бар. Бұл компаниялар Әзербайжанда жобаларды іске асырып, жоғары масштабтау әлеуетін көрсетіп отыр.
Қазақстандық IT-компаниялар да Әзербайжан нарығына шығуды жалғастыруда. Мемлекет басшысының сапарына арналған IT-көрмеде олардың қызметінің нәтижелері ұсынылады.
• Qalan — геймификация және тәлімгерлік элементтері бар математика оқытуға арналған платформа мен мобильді қосымша. Әзербайжанда платформада 1000-нан астам студент оқиды.
• JET — Қазақстандағы микромобильдік қызмет көрсету саласының көшбасшысы, 2022 жылдан бері Әзербайжанда жұмыс істейді. 216 000-нан астам пайдаланушы және 3 млн сапар.
• SmartWaterLevel — су мониторингі жобасы, пилоттық жоба Турянчай Сол Сахил каналында іске асырылған (құны — $1 млн).
• Sergek Patrol Bus — «ақылды қалаларға» арналған ұлттық AI-платформа, Бакудегі BakuBus 7A бағытында орнатылған.
Айта кету керек, Қазақстанда жасанды интеллект мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Қазіргі уақытта жасанды интеллектті қауіпсіз және этикалық тұрғыдан қолданудың құқықтық негізін қалыптастыратын «Жасанды интеллект туралы» заң әзірленіп жатыр. Стратегиялық үйлестіру мақсатында Қазақстан Президенті жанындағы ЖИ дамыту жөніндегі кеңес құрылды, оның құрамына әлемдік жетекші сарапшылар — Кай-Фу Ли, Питер Норвиг, профессор Пол Ким және басқалар кірді.
2025 жылы Астанада оқыту, зерттеу және стартаптарды қолдауды біріктіретін Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Орталық Telegram, Microsoft, Google, Apple, Huawei және басқа да жаһандық серіктестермен бірлесіп жұмыс істейді.
Адами капиталды дамыту Tech Orda және TechnoWomen бағдарламалары арқылы қамтамасыз етіледі, олардың мақсаты — IT-мамандарды даярлау және әйелдерді цифрлық экономикаға тарту.
Кездесу барысында сондай-ақ бірқатар негізгі бағыттар талқыланды, оның ішінде Қазақстан — Әзербайжан суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін салу, Astana Hub, Silkroad Innovation Hub және әзербайжандық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, Alem Ventures венчурлік нарығы мен қорын дамыту, жасанды интеллект және спутниктік жобалар бойынша Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру, сондай-ақ ЭСКАТО қолдауымен Алматыда Тұрақты даму үшін өңірлік цифрлық шешімдер орталығын құру.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға ресми сапары аясында Ақордада жасанды интеллект және мемлекеттік қызметтер саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.