Қазақстан ұлттық деректер биржасын құруға дайындалып жатыр

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі (СЖРА) деректер нарығын дамыту және олардың қауіпсіз әрі ашық алмасуын қамтамасыз ету жөніндегі талдамалық құжатты ұсынды. Зерттеуді Ұлттық статистика бюросы Шанхай деректер биржасының қолдауымен дайындады.
Материалда деректер биржасын — мемлекеттік органдар, бизнес және цифрлық экожүйенің басқа қатысушылары арасында ақпаратты бағалау, алмасу және монетизациялау үшін реттелетін платформаны құрудың негізгі тәсілдері қарастырылған.
«Деректер биржасы — нарық қатысушылары арасында тексерілген деректер мен деректер өнімдерінің қауіпсіз әрі бақыланатын алмасуын қамтамасыз ететін реттелетін платформа. Оның Қазақстанда құрылуы деректермен заңды әрі қауіпсіз жұмыс істеудің институционалдық негізін қалыптастырады, сонымен қатар деректер иелерінің құқықтары мен жеке ақпараттың қорғалуы қамтамасыз етіледі», — деді агенттік төрағасы Асет Ерғалиев.
Құжатта деректер нарығын дамыту Президенттің Жолдауында көрсетілген цифрландырудың басым бағыттарының бірі екені атап өтілді. Қазақстанда үлкен көлемде деректер жинақталуда, бірақ олардың аз бөлігі ғана алмасу мен дата-өнімдер жасау үшін пайдаланылады.
Деректер биржасын құру келесі мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді:
● деректердің әділ бағасын және құнын анықтау;
● меншік құқығын және оларды пайдалану стандарттарын заң жүзінде бекіту;
● алмасу қауіпсіздігін және құпиялылығын арттыру;
● жасанды интеллект пен цифрлық сервистерді дамыту үшін деректерге қолжетімділікті кеңейту.
Шанхай деректер биржасымен бірлескен жұмыс халықаралық тәжірибелерді, әсіресе деректер өндіріс факторы ретінде танылған Қытайдың тәжірибесін ескеруге мүмкіндік береді. Қытай деректер нарығы тұрақты өсім көрсетіп отыр: 2022 жылы транзакциялар көлемі 42%-ға артқан, ал ЭЫДҰ бағалауынша, тиімді деректер алмасу елдің ЖІӨ-ін 2,5%-ға дейін ұлғайта алады.
Бұл талдамалық құжат Қазақстанда ұлттық деректер биржасын құру бастамасының бөлігі болып табылады. Жоба деректермен жұмыс істеудің ашық, қорғалған және экономикалық тұрғыдан тиімді жүйесін қалыптастыруға негіз болады.
Толық материалмен агенттік пен бюроның ресми сайттарында танысуға болады.