Қазақстан Жасанды Интеллект бойынша Ғаламдық Серіктестікке (GPAI) қосылуы мүмкін

Парижде Жасанды Интеллект бойынша Дүниежүзілік саммит өтіп жатыр, оның аясында Жасанды Интеллект бойынша Ғаламдық Серіктестік (GPAI) мүшелерінің министрлік кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шараға Франция Президенті Эммануэль Макрон, Канада Премьер-министрі Джастин Трюдо және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ОЭСР) Бас хатшысы Матиас Корман қатысты.
Қазақстандық делегацияны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев басқарды. Өз сөзінде ол Қазақстанның GPAI-ға қосылу ниетін білдірді. Бұл бастама жасанды интеллектті дамытуға және оны жауапкершілікпен қолдануға бағытталған халықаралық ынтымақтастық алаңы болып табылады. Қазақстан Камбоджа, Мальта, Румыния, Хорватия, Руанда және Мароккомен бірге GPAI-ға қосылуға ниет білдірген жеті елдің қатарына кірді. Жақында GPAI мүшелері ұйымға кіру өтінімдерін қарау процесін мақұлдап, жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашты.
Жаслан Мәдиев Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы жетістіктерін таныстырып, Alem.AI халықаралық орталығының тұжырымдамасын ұсынды. Бұл орталық жасанды интеллект саласындағы инновацияларды, стартаптарды және ғылыми зерттеулерді қолдау үшін құрылуда. Министр адам капиталын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан жыл сайын 200 000 азаматты – мектеп оқушыларынан бастап мемлекеттік қызметкерлерге дейін – жасанды интеллектпен жұмыс істеудің базалық және тереңдетілген дағдыларына оқытуды жоспарлап отырғанын айтты.
Кездесу барысында жасанды интеллектке қатысты негізгі сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер, соның ішінде технологиялардың еңбек нарығына әсері, зияткерлік меншікті қорғау, тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту және деректерді жауапты басқару мәселелері талқыланды. Қатысушылар қауіпсіз және инклюзивті ғаламдық жасанды интеллект экожүйесін құру үшін ОЭСР-дің Жасанды Интеллект бойынша Ұсынымдарын енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Жасанды Интеллект бойынша Ғаламдық Серіктестік (GPAI) – бұл жасанды интеллекттің жауапты әзірленуін және қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық бастама. Ол адам құқықтарын сақтау және мүше елдердің ортақ демократиялық құндылықтарына негізделген. Серіктестік алғаш рет 2018 жылы G7-нің 44-ші саммитінде Канада мен Франция тарапынан ұсынылып, 2020 жылдың маусымында ресми түрде жарияланды. GPAI-дың ұйымдастырушысы – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР).