Қазақстанда 3 000-нан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазахтелеком» АҚ 3 000-нан астам ауылдық елді мекенді интернетке қосу жөніндегі инвестициялық келісімге қол қойды.
Келісім нәтижесінде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жобасы жоспарланған мерзімнен бір жыл бұрын — 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал шалғай аудандарда спутниктік байланыс арналары арқылы қосылу 2027 жылдың соңына дейін қамтамасыз етіледі.
Осылайша, жоба 2027 жылдың соңына дейін елдегі ауылдардың 99%-ын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуға мүмкіндік береді. Жақын арада мектептер, ауруханалар, әкімшілік ғимараттар, бюджеттік ұйымдар, қоғамдық қолжетімділік нүктелері және мемлекеттік шекарадағы 40-тан астам өткізу пункті интернетке қосылады. Ауылдарды қосу талшықты-оптикалық (88%) және спутниктік (12%) арналар арқылы жүзеге асады.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 239 млрд теңгеден асады — бұл бюджеттік емес қаражат. Бұл «Қазахтелеком» АҚ-ның ірі телекоммуникациялық инфрақұрылымының арқасында мүмкін болып отыр.
Сонымен қатар, ауылдық жерлерде ұялы байланыс базалық станцияларының инфрақұрылымы күшейтіледі. Осы нысандарға талшықты-оптикалық желілерді жүргізу мобильді интернет пен байланыстың сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.
Өз елді мекеніңіз бойынша қосылу мүмкіндігін telecom.kz/ru/auylonline сайтынан тексеруге болады.