Қазақстанда алғашқы медиа саласына арналған жасанды интеллект зертханасы ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) LG AI MediaLab инновациялық зертханасының салтанатты ашылуы өтті. Бұл – медиа мен коммуникация саласында нейрондық желілерді қолдануға бағытталған елдегі алғашқы зертхана. Ашылу рәсіміне LG Electronics Almaty Kazakhstan президенті Хак Хён Ким (Hak Hyon Kim) және ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев қатысты.
Зертхана білім беру ортасында жасанды интеллектіні жан-жақты зерттеу мен қолдануға жол ашады. Журналистика, деректерді талдау, визуалды сторителлинг және ірі тілдік модельдермен (LLM) жұмыс істеу тоғысқан алаңға айналмақ. Алғашқы нәтижелердің бірі — нейрожелінің көмегімен жасалған студенттік ғылыми-ағартушылық және инклюзивті «AI-Tamyz» газеті. Бұл жоба ИИ технологиялары студенттердің шығармашылық және зерттеу қызметіне табиғи түрде енуінің жарқын үлгісі болды.
Зертхана университеттің цифрлық дамуға бағытталған кең көлемді стратегиясының бір бөлігі. Қазіргі таңда ҚазҰУ-да суперкомпьютерді іске қосуға дайындық жұмыстары жүруде. Бұл құрылғыны жеткізу туралы келісімге өткен жылы Қазақстан мен ҚХР басшылары қол қойған. Жаңа есептеу орталығы цифрлық егіздер жасау, ИИ технологияларын енгізу және ҚазҰУ-дың негізгі ғылыми бағыттары бойынша күрделі есептеулер жүргізу үшін пайдаланылмақ. LG AI MediaLab зертханасы осы инфрақұрылымға біріктіріліп, суперкомпьютердің мүмкіндіктеріне қол жеткізетін болады.
Іс-шара барысында LG Electronics Almaty Kazakhstan мен ҚазҰУ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие цифрлық дағдылар мен құзыреттері бар мамандарды бірлесіп даярлауға бағытталған.
Іс-шараның білім беру бөлігін LG Electronics Almaty Kazakhstan компаниясының корпоративтік маркетинг жөніндегі директоры Наталья Новикованың журналистика факультеті студенттеріне арнаған дәрісі жалғастырды. Лекция тақырыбы: «Бренд пен коммуникациялық стратегияны қалыптастыру. Жаңа замандағы оптимизм – басты ұстаным». Дәріс барысында LG компаниясының өмірге оптимистік көзқарасты қалыптастыратын факторларға арналған жаһандық зерттеуінің нәтижелері таныстырылды. Зерттеу 16 елді қамтып, жаһандық оптимизм индексі орта есеппен 7,49 баллды көрсеткен. Бұл бастама – LG-дің оптимизм мәдениетін насихаттауға бағытталған жаһандық жобасының бір бөлігі.
Шара соңында LG компаниясы ҚазҰУ кітапханасына «Brave Optimists» кітабын сыйға тартты. Бұл символдық сыйлық болашақ медиамамандар үшін кәсіби және жеке жетістіктерге шабыт беру мақсатында жасалды және өз күшіне деген сенім мен позитивті ойлаудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды.