Қазақстанда аз қамтылған отбасыларға азық-түлікке жеңілдіктер цифрлық ваучер арқылы берілетін болады

Үкімет отырысында BTS Digital компаниясының уақытша директоры Ержігіт Балқыбеков атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларға арналған цифрлық азық-түлік ваучерлерін беру бойынша пилоттық жобаны таныстырды. Бұл бастама әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны еркін реттеу аясында жүзеге асырылады және халықтың осал топтарына атаулы қолдау көрсетуге бағытталған.
Ержігіт Балқыбековтың айтуынша, жоба механизмі — сауда желілеріне айналым қаражатын толықтыру үшін 0,01% мөлшерлемемен қайтарымды несиелер беру. Өз кезегінде бизнес әлеуметтік маңызы бар тауарларды нарықтағы бағадан төмен арнайы баламалы бағамен тек АӘК алушыларға сатуға міндеттеледі.
Жоба Ақкөл қаласында іске қосылды, ал қыркүйек айының соңына дейін Көкшетау мен Павлодарда да жұмыс істей бастайды. Егер нәтиже оң болса, бағдарлама республикалық деңгейде кеңейтіледі — қазіргі таңда Қазақстанда 245 мыңнан астам АӘК алушы бар.
Цифрлық ваучерлер eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» қызметі арқылы беріледі. Жүйе отбасының әрбір мүшесіне бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде ваучер автоматты түрде тағайындайды (АЕК — 3 932 теңге). Мысалы, 4 адамнан тұратын отбасы 16 мың теңге көлемінде ваучер алады. Бұл соманы серіктес дүкендерде нан, жарма, көкөніс, ет, сүт өнімдері және басқа да әлеуметтік тауарлар үшін жеңілдікпен қолдануға болады.
АӘК алушылардың тізімі «Отбасының цифрлық картасы» жүйесі арқылы қалыптастырылады және «Әлеуметтік әмиянға» жолданады. Сатып алу кезінде сатып алушы кассада QR-кодты көрсетсе жеткілікті: жеңілдік сомасы ваучерден шегеріледі, ал қалған бөлігі сатып алушы тарапынан төленеді.
Жоба тұрақтандыру қоры есебінен қаржыландырылады. Сауда желілерін жеңілдікпен несиелеуге 35 млрд теңге, ал отандық өндірушілер мен фермерлерден форвардтық сатып алуға 65 млрд теңге бағытталады. Сауда үстемесінен бас тарту және төмен бағамен сатып алу есебінен АӘК алушыларға арналған жеңілдіктердің жалпы көлемі 25%-ға дейін жетуі мүмкін.