Қазақстанда барлық ірі қалаларда ескірген 3G технологиясын 4G-ге ауыстыру жұмыстары жалғасуда

Қазақстанда барлық ірі қалаларда ескірген 3G технологиясын 4G-ге ауыстыру жұмыстары жалғасуда

«Мобайл Телеком сервис» ЖШС басқарма төрағасы Александр Бабичев Үкімет отырысында мобильді байланыс инфрақұрылымын дамыту жұмыстары туралы баяндады.

Оның айтуынша, бүгінде МТ-С компаниясы Tele2 және Altel брендтерімен 10 миллионнан астам клиентке қызмет көрсетеді, олардың 3 миллионынан астамы 5G технологиясын пайдаланады.

«Дамыған инфрақұрылым мен интернет тұтынудың жоғары деңгейінің арқасында біздің желі елдегі барлық мобильді интернет-трафиктің 50%-дан астамын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ биыл МТ-С компаниясы Қазақстандағы ең ірі жекешелендіру мәмілесінің нысанына айналды — бұл жеке инвесторлардың республикаға деген сенімін арттырудың маңызды қадамы», — деді ол.

Компания желіні дамытуға белсенді инвестиция салып келеді — 2023–2025 жылдары 240 млрд теңгеден астам қаржы құйылған. Соңғы екі жылда 5 мыңнан астам құрылыс және жаңғырту жұмыстары атқарылды, ал биыл бұл қарқын одан әрі өсуде.

Мобильді интернет сапасын жақсарту мақсатында барлық ірі қалаларда ескірген 3G технологиясы 4G-ге толық ауыстырылуда. Бұл жұмысты ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

TSARKA қолдауымен