Қазақстанда барлық салаларда Ұлттық тауарлар каталогы енгізіледі

Үкіметтің Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырысында сауда саласындағы цифрлық трансформацияның барысы қаралды. Күн тәртібінде Ұлттық тауарлар каталогын енгізу, техникалық реттеу жүйесін жаңғырту, цифрлық таңбалауды кеңейту, сондай-ақ ауылдық сауданы қолдауға арналған жаңа құралдарды іске қосу мәселелері тұрды.
Ұлттық тауарлар каталоги — ашық сауданың іргетасы
Премьер-Министр Мемлекет басшысы қойған негізгі міндеттердің бірі — экономиканы цифрландыру екенін еске салды. Осы тұрғыда маңызды жобалардың бірі ретінде өндірістен бастап бөлшек саудаға дейінгі барлық кезеңдерде тауарларды сәйкестендіру мен жіктеуге арналған цифрлық база — Ұлттық тауарлар каталогын енгізу аталды.
«Бұл — тауарларды өндіруден немесе импорттаудан бастап көтерме және бөлшек саудаға дейінгі барлық кезеңдерде жіктеудің негізі», — деді Олжас Бектенов.
Қазіргі уақытта «Астана-1» және «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйелерінің интеграциясы қамтамасыз етілген. Алайда қазіргі таңдағы цифрлық қадағалау жүйесі шектеулі өнім түрлерін қамтиды және әркелкі форматтағы деректерге негізделген.
Премьер-Министр Қаржы және Сауда министрліктеріне, басқа да мемлекеттік органдарға тауарлар каталогын барлық салаларда енгізу жұмыстарын жандандыруды және бизнес-қауымдастықты осы процеске белсенді қатысуға шақырды.
Е-КТРМ: сертификаттау және реттеуді жаңғырту
Олжас Бектенов сертификаттау рәсімдеріндегі ашықтықтың болмауы мен қағаз құжаттардың қайталануын жою қажеттігін де атап өтті. Бұл міндеттерді стандарттау, аккредиттеу және сертификаттауды цифрландыратын Е-КТРМ ақпараттық жүйесі шешуге бағытталған.
«Сауда, қаржы және цифрландыру министрліктері осы жылдың соңына дейін Е-КТРМ-ді салалық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен толық интеграциялауы қажет», — деді Үкімет басшысы.
Тауарларды таңбалау — контрафактімен күрес құралы
Цифрлық таңбалау сапасыз және жалған өнімдерге қарсы күрес құралы ретінде қарастырылады. Алайда, Премьер-Министрдің айтуынша, кәсіпкерлерге таңбалаудың мақсаты бойынша түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз жүргізілуде.
«Түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, таңбалауға жататын тауарлар тізімін кеңейту қажет», — деді ол.
Ауылдық сауданы дамыту
Ауылдық елді мекендерде экономикалық белсенділікті арттыру үшін агромаркетплейс және тауарларды қадағалау жүйесін іске қосу бастамаларына ерекше назар аударылды.
«Сыртқы сауда қызметі аясында бизнеске импортты автоматтандыру, мәмілелердің ашықтығы мен сертификаттау рәсімдерін жеңілдету бойынша көмек қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне — ауыл шаруашылығы өндірушілерін ынталандыру тетіктерін әзірлеу, ал Сауда министрлігіне — «Қазпоштамен» бірлесіп B2B-сауда алаңының пилоттық жобасын іске қосу тапсырылды.