Қазақстанда білім беру саласына ЖИ енгізу бойынша жұмыс тобы құрылды
Бірінші отырыста жұмыс тобының мүшелерімен кездескенде, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова EdTech саласындағы сарапшылар мен отандық IT-мамандардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдауға дайын екенін айтты.
«Бәсекеге қабілетті, прогрессивті, білімді және адал азамат тәрбиелеу үшін AI-технологияларды оқу процесіне сауатты әрі сапалы енгізу өте маңызды — бұл министрліктің негізгі міндеттерінің бірі. Жасанды интеллект мұғалімнің артық жүктемесін азайтуға және оқу процесін тиімді ұйымдастыруға арналған қосымша құрал болуы тиіс», — деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Отырыста жасанды интеллектті оқу процесіне кезең-кезеңімен енгізу, инновациялық шешімдер арқылы білім сапасын арттыру, нормативтік базаны жетілдіру, этикалық стандарттарды бекіту және AI-жүйелеріне қойылатын техникалық талаптарды әзірлеу мәселелері қаралды.
Жұмыс тобының төрағасы болып Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева тағайындалды.