Қазақстанда деректерді талдау мен Python бойынша тегін курс басталады

Astana Hub халықаралық технопаркі мен Яндекс Практикум білім беру платформасы «Деректерді талдау негіздері және Python» атты тегін онлайн-курстың басталғанын хабарлайды. Бұл курсқа Қазақстанның кез келген тұрғыны жас ерекшелігіне, тәжірибесі мен біліміне қарамастан қатыса алады.
Оқу мақсаты – қазіргі цифрлық әлемде жоғары сұранысқа ие мамандықтардың бірі бойынша білім мен практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру.
Курс 10 сағаттық онлайн-оқуды қамтиды, қатысушылар оны қазақ және орыс тілдерінде өздеріне ыңғайлы қарқынмен оқып, оқу жүктемесін өздері белгілей алады. Оқушыларды түсінікті әрі қарапайым теория, интерактивті тапсырмалар және алған білімдерін тәжірибеде қолдану мүмкіндігі күтеді. Бағдарлама аяқталғанда, әр қатысушы Python бағдарламалау тілін қолдануды, графиктерді оқу мен талдауды, гипотеза құруды және әртүрлі саладағы нақты мәселелерді шешуді меңгереді.
Күрделі тақырыптарды оңай меңгеру үшін студенттер YandexGPT жасанды интеллектісінің көмегіне жүгіне алады. Ол түсініксіз тұстарды басқа сөздермен түсіндіріп, өткен материалдың қысқаша мазмұнын ұсынады.
Курсқа тіркелу 2025 жылғы 18 сәуірден бастап Astana Hub платформасында сілтеме арқылы жүзеге асырылады.