Қазақстанда ЭЦҚ алудың жеңілдетілген жүйесі енгізілді

2025 жылғы 11 тамыздан бастап Қазақстанда электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) алу тәртібі өзгереді. ЦДИАӨМ бұл қызметті толықтай онлайн форматқа көшіреді. Бұл шешім азаматтардың дербес деректерін қорғау деңгейін арттыруға және цифрлық сәйкестік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Енді ЭЦҚ-ны бөгде адамдардың алуы толығымен болдырылмақ.
Бұрын ЭЦҚ кілттерін онлайн немесе халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барып алуға болатын. Енді рәсім тек онлайн өтеді.
ЭЦҚ-ны онлайн алу үшін
- egov.kz немесе pki.gov.kz порталына кіріңіз;
- Онлайн өтінім беріңіз;
- Биометриялық сәйкестендіруден өтіңіз – жүйе камера арқылы бет-әлпетіңізді таниды.
Жеке басыңыз расталған жағдайда, ЭЦҚ кілті бірден онлайн беріледі – ХҚКО қызметкерлерінің қатысуынсыз.
Егер жүйе сәйкестендіру жүргізе алмаса (мысалы, базаға сурет енгізілмеген немесе техникалық ақау болған жағдайда) – пайдаланушыға тағы әрекет етуге мүмкіндік беріледі. Биометриялық тексеруден 5 ретке дейін өтуге рұқсат бар. Тек содан кейін ғана ХҚКО арқылы өтініш беріп, қажетті құжаттармен оператор арқылы жеке басын растауға рұқсат беріледі.
Маңызды: егер пайдаланушы 5 рет биометриядан өте алмаса ғана ХҚКО-да өтініш беру мүмкіндігі ашылады. Егер бұл талап орындалмаса, ХҚКО операторы қызмет көрсете алмайды.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділігі жоқ азаматтар үшін ХҚКО-ның өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында биометриялық сәйкестендіруден өту мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жағдайда ЭЦҚ кілттері операторсыз-ақ онлайн беріледі.
Жаңа форматтың тиімділігін статистика да дәлелдейді: 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда 14,9 млн-нан астам ЭЦҚ берілген. Олардың 92,25%-ы қашықтан, ал тек 7,75%-ы ХҚКО арқылы рәсімделген. Бұл онлайн қызметтерге сұраныстың жоғары екенін және мемлекеттік қызметтердің цифрлануға бет алғанын көрсетеді.
Жаңа жүйе ақпараттық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. ЭЦҚ – заңдық күшке ие және қолтаңба ретінде танылады, сондықтан оған тек иесі ғана қол жеткізе алуы тиіс. Биометрия жеке басын сенімді түрде растауға және бөгде адамдардың ЭЦҚ алуын болдырмауға мүмкіндік береді.