Қазақстанда газға қосылу үшін жасанды интеллект көмекшісі пайда болады

Қазақстанда газға қосылуға өтінім беруді жеңілдетіп, жеделдететін интеллектуалды көмекші әзірленетін болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Қаныш Төлеушин мәлімдеді.
Оның айтуынша, жасанды интеллектті қолдану өтінім беру кезінде қателіктер санын 30%-дан 5%-ға дейін азайтуға, сондай-ақ техникалық шарттарды беруді жеделдетуге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру 2025–2026 жылдарға жоспарланған және 2,3 миллионнан астам азаматты қамтиды.
Бүгінгі таңда газ саласында азаматтар мен бизнеске ыңғайлы болу үшін 74 мемлекеттік қызмет толық цифрлық форматқа көшірілген.
Сонымен қатар, энергетика саласындағы цифрлық шешімдерді дамыту аясында Astana Hub технопаркінің базасында 14 инновациялық жоба іске асырылуда. Олардың қатарында — жасанды интеллект аналитикасымен жабдықталған кен орындарының виртуалды симуляторлары, цифрлық егіздер, бизнес-процестерді автоматтандыру платформалары, инспекция жүргізуге арналған дрондар және компрессорларды мониторингтеу жүйелері бар. 2024 жылы осы шешімдердің жалпы табысы 1,2 млрд теңгені құрады, ал іске қосылған сәттен бастап — 3,8 млрд теңгеге жетті. Бұл жобалардың арқасында шамамен 100 жұмыс орны құрылды.