Қазақстанда еңбек жағдайларын цифрлық бақылау жүйесі енгізіледі

Қазақстанда жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын үздіксіз бақылауға арналған автоматтандырылған жүйе енгізу жоспарланып отыр. Бұл үшін «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосылған арнайы датчиктер пайдаланылады. Жаңа жүйе зиянды және қауіпті факторларды нақты уақыт режимінде бақылауға, тәуекелдерді анықтап, оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Қазақстанда еңбек қауіпсіздігіне қатысты барлық деректі қамтитын кәсіпорынның цифрлық профилі әзірленуде. Оған мыналар кіреді:
- еңбек жағдайларын бағалау;
- кепілдіктер мен өтемақылар беру;
- жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету;
- кәсіпорынның «Цифрлық картасында» бейнеленуі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, жаңа жүйе өндірістегі жарақаттану деңгейін төмендетуге көмектеседі. Тек 2024 жылдың өзінде өндірісте 202 адам қаза тапқан.
Басты мақсат – еңбек қауіпсіздігі саласында реактивті тәсілден алдын алу моделіне көшу және жұмыс орындарындағы жағдайдың ашықтығын арттыру.
Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбек саласын цифрландыру мәселелері қаралды.
Премьер-министр кәсіпорындардың цифрлық картасын қолдана отырып, еңбек заңнамасының бұзылуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін еңбек қауіпсіздігі саласында тұтас цифрлық экожүйе қалыптастыру тапсырылды.