Қазақстанда инватакси қызметін Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруге болады

Қазақстанда инватакси қызметін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген жаңа ережелерге сәйкес Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы онлайн тапсырыс беруге болады.
Қазіргі уақытта бұл қызмет жергілікті атқарушы органдар арқылы мемлекеттік сатып алу жүйесімен ұсынылады және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Жаңа тәсіл мүмкіндігі шектеулі жандарға жеткізушіні өз бетінше таңдауға, жеке қажеттіліктерін ескеруге және тапсырысты онлайн рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Министрлік түсіндіргендей, цифрлық форматқа көшу қызмет көрсетушілердің санын арттырып, үдерістің ашықтығын қамтамасыз етеді, қызмет көрсету мерзімін жеделдетіп, көлік күту уақытын қысқартады. Төлем бұрынғыдай жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
Жаңа форматты іске қосу 2025 жылдың күзіне жоспарланған. Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында 6 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.