Қазақстанда ішкі рейстерде «овербукинг» үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл енгізілді.

Қазақстанда ішкі рейстерде «овербукинг» үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл енгізілді.

Қазақстанда әуе компаниялары енді ішкі рейстерде «овербукинг» — яғни ұшақтағы орын санынан артық билет сату үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер жолаушы билет үшін толық ақы төлеп, бірақ соған қарамастан ұшаққа отырудан бас тартылса, әуе тасымалдаушыға 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Бұл өзгерістер Бас көлік прокуратурасының бастамасымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілді және Мәжілісте қаралып, мақұлданды.

Прокуратураның түсіндіруінше, соңғы екі жылда Қазақстанда бірнеше әуе компаниялары, әсіресе сұраныс жоғары бағыттар мен мереке күндері, «овербукинг» тәжірибесін кеңінен қолданған. Бұл жолаушылардың билет болғанына қарамастан рейске отырғызудан бас тартуына алып келіп, қоғамда үлкен наразылық туғызды.

«Қабылданған шаралар әуе компанияларының қызметіне бақылауды күшейтіп, жолаушылардың құқықтарын қорғауға, билет саны белгіленген нормадан асып кеткен жағдайларда рейске отырғызудан бас тарту оқиғаларын болдырмауға мүмкіндік береді», — делінген прокуратура таратқан хабарламада.

Бұған дейін овербукинг үшін жауапкершілік тек халықаралық рейстерге ғана қолданылатын. Енді бұл талап ішкі әуе тасымалдарына да таралатын болды, бұл жолаушылардың еліміздегі құқықтарын қорғаудың қосымша кепіліне айналады.

TSARKA қолдауымен