Қазақстанда кәсіби даму жүйесіне жасанды интеллект пен цифрлық құралдар енгізілуде

Қазақстанда жұмыспен қамту және кәсіптік білім беру жүйесінің ауқымды трансформациясы жалғасуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заманауи еңбек нарығының талаптарына сай кадрларды даярлау үшін цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп жатыр.
Вице-министр Асқар Бияхметовтың айтуынша, қазіргі уақытта Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның негізгі элементтерінің бірі — жұмыс берушілердің талаптары мен кәсіби құзыреттерін жүйелеуге бағытталған Цифрлық дағдылар банкін іске қосу.
Келесі қадам – кәсіби стандарттарды әзірлеу процесіне жасанды интеллект енгізу. Бұл еңбек нарығындағы өзгерістерді нақты уақытта талдауға, рутиналық процестерді азайтуға және салалардағы сұранысқа сәйкес стандарттарды уақтылы жаңартуға мүмкіндік береді.
Азаматтардың кәсіби өсуіне арналған цифрлық платформалар
Министрлік азаматтардың мамандық таңдауына және біліктілігін арттыруына қолдау көрсететін цифрлық құралдарды да дамытып жатыр:
- «Мансап компасы» онлайн-сервисы еңбек нарығындағы үрдістер мен сұранысқа ие мамандықтарды талдай отырып, мансапты жоспарлауға көмектеседі.
- Skills Enbek платформасы 1 300-ден астам онлайн-курсты ұсынады, оны бүгінде 811 мыңнан астам қолданушы пайдаланған.
- Enbek.kz сайтында студенттердің тәжірибеден өтуін жеңілдететін және студенттер, жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты жақсартатын цифрлық жүйе іске асқан.
Жаңа мамандықтар мен еңбек нарығының трансформациясы
Министрліктің мәліметінше, ведомствоға қарасты салалардағы кадрларға сұраныс шамамен 40 мың адамды құрайды. Бүгінде жаңа мамандықтар атласында министрлік тарапынан 75 жаңа мамандық тіркелген. Олардың қатарында:
- Металлургия мен кен өндіруде – роботтандырылған техника операторы, смарт-жүйелер әзірлеуші;
- Машина жасауда – виртуалды прототиптеу маманы;
- Құрылыс саласында – цифрлық жобалаушы, Big Data аналитигі, «Ақылды үй» жобалаушысы.
Сондай-ақ 40-тан астам мамандық бизнес-процестерді автоматтандыру әсерінен жаңартылды.
Биыл өңдеу өнеркәсібінде 190 инвестициялық жобаны іске қосу аясында тағы 8 жаңа мамандық пайда болады. Олардың ішінде — 3D-басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы және басқалары бар.
Жұмыс орындарын цифрлық бақылау
Қазақстанда жаңа жұмыс орындарының мониторингін қамтамасыз ету мақсатында Инновациялық жобалар навигаторы әзірленді. Бұл ақпараттық жүйе жаңа жұмыс орындарының санын, олардың еңбек нарығы талаптарына сәйкестігін және жұмыс берушілердің жұмыспен қамту жоспарларын орындауын қадағалайды.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов атап өткендей, елде іске асырылып жатқан жобалар бойынша нақты уақытта жұмыс орындарының құрылуын толық әрі жүйелі түрде қадағалау үшін біртұтас ақпараттық жүйе қажет. Ол қызметкерлердің біліктілік деңгейі, еңбек жағдайы, жалақысы және басқа да мәліметтерді қамтуы тиіс.
Сондай-ақ Цифрлық даму министрлігіне жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен бизнестің деректерін біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бірыңғай цифрлық жүйе әзірлеу тапсырылды.